Денсаулық сақтау

Өңірде 179 адам тұмау жұқтырған

 

Қазан айынан бері облыста жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырудың 14 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Алдыңғысында 12 040 факті анықталыпты.

АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– Науқастардың ең көп саны 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. 67 пайызды құрайды. Кішкентай балалардың иммунитеті төмен болғандықтан, дәрумен беру керек. Вирус ауа тамшы жолдарымен таралады. Балабақшада тез тарауы мүмкін. Сондықтан, қолдарын жиі жуып отыру қажет.

2 айда өңірдің 179 тұрғыны тұмау жұқтырды. Барлығы В типіне шалдыққан. Бұл жолы да сырқаттанғандардың көбісі – балалар. 67 ұл-қыз дәрігер көмегіне жүгініпті. 13 жүкті әйелдің де науқастанғаны белгілі болды. Аурудың алдын алудың бірден-бір жолы вакцинация екенін еске салайық. Қазаннан қарашаға дейін №3 қалалық емханада 8 мыңнан астам адам екпе алды. Олардың барлығы қауіп тобына жатса керек.

САЛТАНАТ ТӨРЕҚҰЛОВА, №3 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы:
–  Оның ішінде 21-і – екіқабат әйел, 1300-і – медицина қызметкері. Жиі ауыратын, диспансерлік есепке қойылған 910 бала да иммундау шарасынан өтті. 6127 ересек жанға да вакцина қойылды. Соның 2 мыңнан астамы жүрек және тыныс алу жүйелерінің созылмалы ауруына шалдыққан.

Жалпы, облыста 75 мың адамға тұмауға қарсы екпе қойылған.

АЙНАШ САҒАНДЫҚОВА, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
–  Тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, спецификалық емес профилактиканы назардан тыс қалдырмау керек. Ол бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау, қолды жиі сабындап жуу керек.

Сол үшін мамандар салауатты өмір салтын ұстанып, иммунитетті көтеруге шақырады.


Алтынай Казиканова