Спорт

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері хоккейден сынға түсті

 

Петропавлда Тәуелсіздік күніне орай құқық қорғау органдары арасында шайбалы хоккейден республикалық турнир өтіп жатыр. Дода 6 команданың басын біріктірді. Жарыс басталмас бұрын облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірде бұқаралық спорттың дамып келе жатқанын атап өтті.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары
– Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде біздің облысымызда бұқаралық спортқа көп көңіл бөлінуде. Хоккей корттары салынуда. Бұл облысымыздағы спортпен шұғылданатын бұқараның санын көбейтуде. Келген командаларға қош келдіңіздер деп айта отырып, бүгінгі жарыс жақсы деңгейде өтуіне тілектеспін.

Айдынға бірінші болып облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері шықты.

Ойын тартысты өтуде. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының басымдығы сырт көзге анық байқалады. Олар қарсылас қақпаға қос-қостан шайба салды.

Серік Тұрсұмбаев – мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бірінші полиция батальонының взвод командирі. “Арыстан” командасының мүшесі хоккейге бірнеше жыл бұрын ғана ден қойыпты.

СЕРІК ТҰРСҰМБАЕВ, СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бірінші полиция батальонының взвод командирі
– Шайбалы хоккейді өзім 2 жылдан артық ойнап жүрмін. Ойын жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Қос команда арасындағы матч 10:1 есебімен аяқталды. Жеңімпаз – төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Бұдан кейін айдынға ақтөбелік және астаналық құтқарушылар шықты. Турнир ертең аяқталады. Жүлдегерлерге медаль мен кубоктар табыс етілмек.


Гульден Симбаева