Аптадағы маңызды жаңалықтар

2023 жылы өңірдің білім беру саласына 131 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе – өңірдің 2023-2025 жылдарға арналған бюджетін бекіту. Аталған аралықта өңір қазынасының қалай жұмсалатыны туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант баяндады. 2023-те білім беру саласына 131 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылмақ. Одан кейін – 142, 25-жылы сома 153 млрд теңгеден асады деп болжануда. 92 млрд-ы жалпы орта білім беруге бағытталады. Оқушыларды мектепке тегін жеткізу үшін 147 млн теңге бөлінбек.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, облыстық қаржы басқармасының басшысы:
– Мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға 13 млрд 936 млн теңге қарастырылады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға 8 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақшы. Бұдан бөлек, алдағы 3 жылда облыста 4 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Білім ұялары «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында бой көтермек.

Келесі кезекте – денсаулық сақтау саласы. Ендігі жылғы бюджет болжамы 9 млрд 721 млн теңгені құрап отыр. 276 млн-ы сәбилер үйіне бағытталмақ. Тұмауға, вирустық гепатитке қарсы вакциналарды сатып алу және сақтау сынды жұмыстарға 907 млн теңге қарастырылады деп жоспарлануда. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасына 5 млрд 738 млн теңге бағытталады.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, облыстық қаржы басқармасының басшысы:
– 20 нысанды жөндеу үшін білім беру басқармасына 2 млрд 674 млн теңге жіберіледі. Денсаулық сақтау саласының 3 мекемесі жаңартылмақ. Бұл мақсатқа 212 млн теңге бағыттау көзделіп отыр. Осы бағытта мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына 268 млн жұмсалмақ. Нәтижесінде 4 нысанды жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, келесі жылы облыстың спорт саласына 9 млрд теңгеден астам бюджет қарастылады.

Спортшыларды ел біріншілігі мен Азия чемпионатына дайындауға 3 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Өңір бойынша мемлекеттік және өзге де тілдерді дамыту үшін 104 млн теңге бағытталады делінген.


Алтынай Казиканова