Спорт

Жерлес спортшы Азия чемпионы атанды

Солтүстікқазақстандық палуан халықаралық жарыста топ жарды. Алтынбек Аусағитов қазақ күресінен Азия чемпионы атағына ие болды. Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған “Азия Кубогы” халықаралық турнирі қарашаның 23-25-сі аралығында Түркістан қаласында өтті. Үздік атанған Алтынбек 90 келі салмақ дәрежесінде белдесті.

Поездан түскен жеңімпазды достары мен ізбасарлары құшақ жая қарсы алып жатыр. Барлығының жүздерінде – қуаныш пен мақтаныш. Әлбетте, себебі бұл – Алтынбектің мұндай дәрежедегі алғашқы жеңісі. Жалпы, солтүстікқазақстандық палуанның қазақ күресімен айналысып жүргеніне 10 жыл болған.

АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, “Азия Кубогы” халықаралық турнирінің чемпионы:
– Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өтті. Петропавлда да дайындық жұмыстары жүргізілді. Қарсыластардың бәрі мықты болды. Әр кездесуімде толық 5 минут күрестім. Ең қиын кездесу финалда алматылық палуанмен болды.

Жалпы, “Азия Кубогы” халықаралық турниріне Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қытайдан жиналған 300-ге жуық спортшы қатысты.

ТӨЛЕГЕН ЖЕТПІСБАЕВ, бапкер:
–  Жеңімпаз алайық деген үмітпен бардық. Бес палуанмен бардым. Ол жарысқа 4 мемлекет қатысты. Алтынбек жақсы нәтиже көрсетті. Еліміздің мықты палуандарын ұтты. Сондықтан, бұл үлкен жетістік деп есептейсің. Біздің өңірден жеңіске жеткен тұңғыш палуан.

Енді Алтынбек Аусағитов алдағы чемпионаттарға дайындығын бастамақ.


Самал Жунусова