Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент “Қызылжар” АЭА маңыздылығын Ресейде атап өтті

 

Ресейдің Орынбор қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Алқалы жиында қос елдің басшылары маңызды мәселелерді көтерді. Тараптардың көздегені бір – сапалы экономикалық өсімге жол ашу. Ол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев барлық шектеуді алып тастауды және сауда саласында өзара тиімді жағдай жасауды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі жаңа рекордтық деңгейге – 24,5 млрд долларға жетті. Биыл алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша тауар айналымының көрсеткіші 5 пайызға өсті. Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорттың ассортименті жақсарды. Оның құны 100 мың доллардан асады. Өткен жылмен салыстырғанда тауар атауларының саны 640-тан 1050-ге дейін көбейді. Алматыдан Ресей өңірлеріне тауар жеткізу 2,5 еседен астам, ал Астанадан 5 есе өсті.

Өткен жылы Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 1,9 млрд доллардан асқан. Ал елімізден көрші елге құйылған қаржы 34 пайызға артып, 535 млн долларға жеткен. Мемлекет басшысының ұсынысы қолдау тапса, бұл көрсеткіштер одан әрі артпақ. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың маңыздылығына да тоқталды. Өз сөзінде Президент өңірімізді мысалға келтірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Шекаралас аумақтарымызда автомобиль жолдарын салу, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құру басымдық саналады. 2019 жылы СҚО-да “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жақын арада ол жерде экспортқа бағдарланған заманауи өндірістер пайда болады. Осы арнайы экономикалық аймақтың қызметі 2 елдің шекаралас аумақтарының кооперациясына жақсы серпін бере алады деп санаймын.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қос тарап шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы пункттердің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет деген ой білдірді.


Байболат Култанов