ТЖ

Өңірде өрт саны азайды

Облыста жыл басынан бері 604 өрт оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда өңірде өрт саны 10 пайызға азайыпты. Өкінішке қарай, тілсіз жаудың салдарынан 33 адам қаза тапқан,
25 тұрғынды күйік шалып, түрлі дене жарақатын алған. Ал келтірілген материалдық шығын көлемі 426 млн теңгеден асып жығылады. Бұл жайында бүгін облыстық ТЖД-да өткен брифингіде айтылды. Мамандардың сөзінше, тұрғындар қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарайды. Төтенше жағдайдың басым бөлігі жеке секторда болады.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары
– Өңірде орын алып жатқан өрттердің 74 пайызы жеке секторға тиесілі. Сондықтан, жылыту маусымы басталысымен біз рейдтік іс-шараларды жиілеттік. Жылдағы статистика көрсетіп отырғандай, қыс келісімен өрттердің саны артады. Осы орайда тұрғындарға барынша сақ болып, отты пайдаланғанда немқұрайлық танытпау қажеттігін тағы бір мәрте еске саламыз.

Жалпы, ағымдағы жылы жылыту маусымы басталғалы өңірде 61 өрт оқиғасы тіркелген. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Қызыл жалынан келген материалдық шығын көлемі 18 млн 585 мың теңгені құрап отыр. Облыста иіс тию оқиғалары тіркелді. Жыл басынан бері 8 адамға ыс тиіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оның 3-уі – бала. Сондай-ақ, өңірде тұрмыстық газ баллонын дұрыс пайдаланбау салдарынан да өрт болған.

Сәкен Ағзамов, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
– Биыл өңірде тұрмыстық газ баллонын пайдалану кезінде 8 бірдей өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 1 адам жарақат алды. Бұл оқиғаға кеңірек тоқталып өтсем. Ағымдағы жылдың 1-ші кыркүйегінде Сергеевка қаласында орналасқан екі пәтерлі үйде газ баллоны жарылды. Салдарынан үй иесін 1-ші дәрежелі күйік шалды. Бүгінде нәзікжандының жағдайы жақсы.

Мамандардың сөзінше, көбіне газ баллондарының жарылуына тұрғын­дардың қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамауы себеп. Яғни, қолдану мерзімі өткен баллонды мүлдем пайдалануға болмайды. Cондай-ақ, газ баллонын толтырған кезде тек 85 пайызын ғана қамту қажет. Одан көп болса, қысымы артып, жарылып кетуі ықтимал.


Дана Ешкенова