Мәдениет

Облыстық ақындар айтысы

 

Ақиқатты астарсыз жеткізетін өнер иелері аламан бәйгеде бас қосты. Қызылжарда облыстық ақындар айтысы өтті. Бұл жолғы жыр додасы Сафуан Шаймерденовтың ғасырлық мерейтойына арналып отыр.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім басшысы:
– Сафуан Шаймерденов – қазақтың біртуар азаматы. Кешегі қылышынан қам тамып тұрған заманда Колбинге қарсы шығып, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұқтаған адамның бірден-бірі – Сафуан Шаймерденов.

Киелі сахнаға алғашқы жұп болып Диас Аяған мен Хавдолла Бейісхан шықты. Қозыбаев университетінің студенті Диас сөз сайысын Сафуан Шаймерденовтен бастады. Жас ақын бабамыздың алты алаштың тірегіне айналып, қалдырған мұралары еш уақытта ұмытылмайтынын өлеңмен өрнектеді. Қоғамдағы өзекті мәселелер, әсіресе, орыстанып кеткен орта да қозғалды. Кезек Хавдолланың есіміне де келіп жетті. Диастың қарсыласының аты әр жерде әр түрлі жазылатын көрінеді. Қызылжар ауданының азаматы да қарап тұрмай, сөзбен тістелеуге көшті.

Екеуі де бір-бірін әзіл-қалжыңмен қағытып, көрермендерге күлкі сыйлай білді. Айтыскерлер қаладағы көшелерге Сафуан Шаймерденовтың аты берілсе екен дейді.

ДИАС АЯҒАН, айтыскер:
–  Бүгінгі көтерген бір мәселемеміз – Сафуанның атына көше беру. Бұл бұдан 10 жыл бұрын да көтерілген сұрақ. Соны бүгін ақындар қайтадан тілге тиек етіп жатыр. Айтысты ең бірінші бастау кімге де болсын ауыр. Айтыс қалай басталса, соңына дейін солай өтеді. Көрерменнің назарын аударып, іліп әкету – ең бірінші жұптың мойнында.

Айтысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген сен тұр, мен атайындар жиналған. Суырып салма ақындар ойларын іркілмей, ашық жеткізді. Жырларын ақ жаңбырша төкті.

АҚТІЛЕК ҚАЙЫМХАН, айтыскер:
– 6-сыныптан бері айтысқа қатысып келемін. Мағжан Жұмабаев атындағы колледжге түскеннен бері Қызылжар намысын қорғап жүрмін. Бүгінгі қарсыласым Уәлиханов ауданының азулы ақындарының бірі – Амангелді Охас. Бұрындары айтысып көрмегенбіз. Тың қарсылас болып жатыр.

Аламан бәйгені жиналған жұртшылық сүйсіне тамашалауда. Кәусар жырмен сусындауға аға буын өкілдерімен қатар жастар да жиналыпты. Басты мақсат – қыз-жігіттер арасында ұлы өнерді насихаттау.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім басшысы:
–  Айтыс – синкреттік өнер. Айтыс әр алуан тақырыпты қозғайды. Тек қана Сафуан Шаймерденовты айту керек деген шектеу жоқ. Елде, жерде болып жатқан қазіргі ауқымды мәселелерді ақындар айтатын болады.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдеге Айыртау ауданынан келген Мұхаммед Қоңқаев ие болды. Бірінші орынды Жұмабек Рахимов иеленсе, екінші орын Хавдолла Бейісханға бұйырды, үшіншіге Ақтілек Қайымхан табан тіреді.


Алтынай Казиканова