Қоғам

Депозитке – 10 пайыз сыйақы

 

“Отбасы банк” АҚ-ы өз салымшыларына 10 пайыздық өтемақы төлеу үшін өтініштер қабылдауда. Қазір банктің солтүстікқазақстандық филиалында 53 мың салымшы бар. 35 мың 459-ы қаржы ұйымынан 10 пайыздық өтемақы алуға құқылы. Соның 14,5 мыңға жуығы сыйақы алу үшін өтінім қалдырған.

Нияз Ниязбеков, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ маманы
– 10% көлемінде өтемақы төленетін ең жоғарғы сома 20 млн теңгеге тең. Бұл – бір банкте ашылған барлық депозиттердің жалпы сомасы. 2022 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша Отбасы банкінде жалпы көлемі 1,6 трлн теңгеге 2,3 млн жинақ шоты болды. Бекітілген ережеге сәйкес, өтемақы өтініш беру арқылы төлем келісімін растаған салымшыларға ғана төленеді. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін біз бұл процесті онлайн режимінде жасадық. Өтініштерді 2022 жылдың 1 қазанынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарын қоса алғанда www.otbasybank.kz мекенжайы бойынша Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталындағы жеке кабинетте беруге болады.

Айта кетерлігі, бұл қаражатқа тек депозитке ақша салып жатқандар ғана емес, аралық немесе алдын ала займ алғандар да қол жеткізе алады. Сондай-ақ, егер белгілі бір себептермен шоттан ақша шешіліп алынса, онда өтемақы депозитте қалған қаражат көлеміне қарай есептелетін болады. 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша өтелетін ең жоғарғы сома – 20 млн теңге.

Нияз Ниязбеков, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ маманы
– Егер банк салымшысында аралық және алдын ала тұрғын үй займдарын алу мақсатында, оның ішінде үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша депозит қамтамасыз ету ретінде берілген салымы болса, онда ол да тиісті өтем алады. Жақын туыстарға тағайындалған салымдар, сондай-ақ, біріктірілген депозиттерге де өтемақы беріледі.

Өтемақы келесі депозиттер бойынша төленбейді:

Графика
– депозит жабылса;
– 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап 2023 жылдың 23 ақпанына дейінгі кезеңде (қоса алғанда) депозит бойынша тұрғын үй заемына көшкен, оның ішінде автоматты түрде көшкен салымдар бойынша;
– онлайн табыстау арқылы сатылған немесе сатып алынған депозиттер бойынша.

Өтемақы салымшыларға 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін Отбасы банкіне ақша түскен сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде депозиттерге аударылады. Өтемақы алу үшін бөлек шот ашудың қажеті жоқ.


Дана Ешкенова