Мәдениет

“Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” спектаклі сахналанды

 

Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклінің премьерасы өтті. Қазақ халқының лиро-эпостық жыры Ғабит Мүсіреповтың 120 жылдығына арналып қойылып отыр. Жалпы, Қозы мен Баянның махаббат дастаны адамға терең ой салады. Ол кездегі проблемалардың кейбірі әлі де өзекті.

Спектакльде әйелдің жаны нәзік қана емес, сонымен қатар, қайсар екені де бейнеленеді. Жаужүрек Баян әділдік іздеп, өзі мен жақындарының бақыты мен жері үшін аянбай күресе біледі. Батыр қыздың әкесі мен досы дүниеге келмеген балаларын атастырып қойыпты. Алайда, жолдасының қазасынан кейін сертін ұмытып, жұттан аман алып қалған Қодарға тұрмысқа бермекші болады.

Қозы өлгеннен кейін, Баян сүйіктісінің кегін қайтару үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды. Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап, қаза табады. Қозының кегі қайтарылғаннан кейін батыр қыз өз-өзіне қол жұмсайды.

МАРИЯ ЛЫРЧИКОВА, Н.Погодина облыстық орыс драма театрының актрисасы:
– Баян – ол өте батыл, жаужүрек, мейірімді қыз. Ата- анасын ерекше жақсы көрді. Бірақ, өкінішке қарай, әкесі қызына мейірімділік танытпаған. Себебі, қыздың орнына ұлды қалаған екен. Дегенмен, Баян әкесіне ұлдың орнын басатынын дәлеледейді.

Бұл – Погодин театрының жас актрисасы Мария Лырчикованың алғашқы басты рөлі. Нәзікжанды Қозының ғашығын сомдап шықты. Баянның образын сомдау барысында күн сайын жаңашылдықтар ашылып отырды дейді. Жалпы, Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Ғабит Мүсіреповтің пьесасы екі рет қойылыпты. Біріншісі 1963 жылы, екіншісі 2002 жылы сахналанған.

БААТР КОЛАЕВ, режиссер
– Қазіргі заманғы режиссура мен бұрынғы режиссура арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бәрі заман талабына сай. Даму үстіндеміз. Ұсынылып отырған қойылымдарымыз көреремендердің көңілінен шықты, алғыстарын айтуда.

Блиц
– Біз Явленка ауылынан келдік. Балаларды қойылым көрсін деп алып келдік. Мол әсер алдық.
– Актерлер өз рөлдерін керемет сомдап шықты. Алдағы уақытта оларға одан әрі дамуларын тілейміз.


Гульден Симбаева