Білім

Арман қуып Америкаға аттанбақ

 

Бұл – болашақ биотехнологтар. Жалынды жастардың басы жергілікті қара шаңырақтың базасында үстіміздегі жылы ашылған Аризона университетінің филиалында қосылды. Келешекте дәрі мен вакцина шығаратын, протез жасайтын қыз-жігіттер тек ағылшын тілінде білім алады.

Қазір “Жоғары математика” сабағы өтіп жатыр. Қосу мен алу, бөлу мен көбейтудің бәрі ағылшын тілінде айтылады. Ұғыну да, оқытушыға баяндау да қиын. Бірақ, бұған Нұргүл Сыздықова әбден үйреніп алыпты. Бір қызығы, алматылық арудың алғаш кіндік қаны тамған жері – теріскей. Ол бой жеткен соң Петропавлда білім алуды жөн көрген. Туған жердің түтіні де ыстық…

НҰРГҮЛ СЫЗДЫҚОВА, студент:
– Сабақтар өте қызықты өтіп жатыр. Мұғалімдеріміздің бәрі ағылшынша жақсы сөйлейді, бәрін түсіндіреді. Сессиялардың бәрін ағылшын тілінде тапсырамыз.

Нұргүл жатақханада тұрада. Университетте жаңа достар да тауыпты. Қазір қызыққа толы студенттік өмірді бастан кешіруде.

НҰРГҮЛ СЫЗДЫҚОВА, студент:
– Мен №3 жатақанада тұрамын. Онда қажеттінің бәрі бар. Бәрі жақын.

Бүгінгі таңда студенттердің кейбір сабақтары Қозыбаев университетінің корпустарында өтеді. Жақын болашақта олар толығымен жаңа корпусқа ауыспақ.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұрын мұндай корпустарды кинодан ғана көретінбіз. Қазіргі таңда өзіміздің Петропавлда бар. Бұл жерде жасалған жағдайға жоғары баға беруге болады. Алдағы уақытта мына оқу корпусына сонау Америкадан қондырғылар жеткізіледі және өзге кабинеттер ашылып, студенттер оқуға кіріспек.

Жалпы, қазір Аризона университетінің филиалында 150-ден астам студент тегін оқып жатыр. Оларға шетелдік және қазақстандық оқытушылар сабақ береді.

ДӘМЕЛ МЕКТЕПБАЕВА, Қозыбаев университетінің басқарма мүшесі:
– 40-тан астам бала қосдипломды білім беру бағдарламасы аясында оқып жатыр. Олар 4-ші курста Америкада оқымақ. Студенттерімізді өте білімді деп айта аламыз. Себебі, араларында ҰБТ-да ең жоғары ұпай жинағандар бар.

Аризона университетінің филиалында тағы студенттер халықаралық бағдарлама аясында оқиды. Уақыт өте келе олар деңгейлерін арттырса, қосдипломды білім беру бағдарламасына ауысып, қос құжатқа ие бола алады.


Байболат Култанов