ТЖ

Сауда-ойын-сауық орталығынан 60 адам эвакуацияланды

 

Арқаларында балон, беттерінде арнайы бетперде. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне таңғы сағат 8:30 кезінде “Dostyq mall” сауда-ойын-сауық орталығында апаттық жағдай орын алды деген хабарлама келді. Мамандар белгіленген орынға дер кезінде жетіп, іштегі адамдарды сыртқа шығара бастады. Бұл – бүгін ұйымдастрылған оқу-жаттығу сценарийі.

МАРАТ СЫЗДЫҚОВ, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:
–  “Dostyq mall” орталығындағы 3-ші кинозалдан өрт шыққандығы жайлы шұғыл хабар келіп түсті. Оқиға орнынан жылдам жеттік. От шарпыған аумақ 150 шаршы метрді құрайды. Бұл жердегі басты міндетіміз – адамдарды нысаннан аман алып шығу.

Сауда орнынан шыққан-мыс өртті сөндіруге 8 арнайы көлік пен 56 маман жұмылдырылды. Нысаннан 60 адам эвакуацияланып, кинозалда қалып қойған 2 адам құтқарылды.

Апат айтып келмейді демекші. Әрбір сынға дайын болған жөн. Мұндай жағдай орын алған кезде адамдар қобалжымай бар білген ережелерін еске түсірулері қажет дейді қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Болат Жұмажанов.

БОЛАТ ЖҰМАЖАНОВ, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы
– Ең бірінші, адам өз-өзін ұстай білуі қажет, саспау керек. Шығатын жолдарын біліп алып, бір-бірінің соңынан шығу қажет. Кішкентай бала болса, қолға көтеріп алып сыртқа шығу керек.

Шара жыл сайын адамдар көп жиналатын жерде ұйымдастырылып отырады.


Гульден Симбаева