Қоғам

Кәсіпкерлерге 20 пайдалы кеңес берілді

Петропавлда “Atameken Business Club” өкілдерінің кезекті отырысы өтті. Мұнда бухгалтерлік есеп, қаржы, салық және салық салу, менеджмент жүйесі жайлы сөз қозғалды.

Ағымдағы жылдың маусым айында “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы “Учёт” компаниялар тобымен бірлесе “Atameken Business Club” атты жаңа жоба құрған. Бұл ұйымда онлайн және оффлайн түрде барлық саланың кәсіпкерлерімен эксклюзивті кездесулер ұйымдастырылады. Көбіне мұнда іскер жандар білікті әрі тәжірибелі мамандардан кеңес ала алады.

РАХЫМБЕК ЗЕЙНУЛЛИН, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
– Петропавлға Алматы қаласынан “Учёт” компаниялар тобының өкілдері келіп отыр. Кездесу барысында кәсіпкерлерге 20 пайдалы кеңес беріледі.

Бизнесін одан әрі дамытуға кеңес алып, білімін кеңейтуге ниет танытқандардың қатары аз емес. Алдымен қандай да бір іс бастамас бұрын бизнес-жоспар болуы тиіс. Мамандардың сөзінше, әр адам кәсіп аша алады. Бірақ, кей жағдайда тиісті білімнің аздығынан бастаған ісін аяғына дейін жеткізе алмай жатады. Әсіресе,
қаржылық есеп жүргізу кезінде қиындықтар туындап, салық салу жүйесінің қызметін білмеуі мүмкін.

АННА ОСИПОВА, “Учёт” компаниялар тобының басқарушы директоры, Алматы қаласы
– Осындай кездесуді Петропавлда 2-ші рет ұйымдастырып отырмыз. Жергілікті кәсіпкерлермен алғашқы кездесу маусым айында өтті. Онда біз іскер жандармен көптеген өзекті мәселелерді талқылаған болатынбыз. Көбіне бизнесмендерді салық, бухгалтерия секілді сала көп қызықтырады. Сондықтан, олардың сауалдарына ұтымды жауап беріп, дұрыс кеңес беру үшін саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылардың басын қостық.

Бүгінгі жиынға еліміздің 13 өңірінен 15 тәжірибелі сарапшы қатысты. Онлайн-платформа арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық кәсіпкер қосылып, білікті мамандардың пайдалы кеңестерін тыңдады.


Дана Ешкенова