Өнеркәсіп

Биыл Көпбейінді жабдықтар зауытының тапсырыс портфелі 1 млрд теңгеден асты

Биыл көпбейінді жабдықтар зауытының тапсырыс портфелі 1 млрд теңгеден асты. Жоспарды орындау үшін аталған сомаға келесі жылға да келісім-шарт жасалған. Кәсіпорын бұрғылау жабдықтары мен оның қосалқы бөлшектерін шығарады. Қазір серіктестік алдағы екі жылда жаңа келісімшарттар бойынша жұмыс істеу үшін келіссөздер жүргізуде.

ЕЛЕНА БАЛЯРИХИНА, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС директоры:
– Биыл бізде шамамен 6 бірлік дайындалды. Жыл соңына дейін қосалқы жабдықтары бар бұрғылау қондырғысы жөнелтіледі. Біз ішкі жабдықтың 90%-ын өзіміз жасаймыз. Қалғаны сатып алынған. Келесі жылы бұрғылау қондырғыларына, балық аулау құралдарына арналған қосалқы бөлшектерді қоса алғанда 5 бірлік жабдық жасап шығару жоспарда бар.

Үстіміздегі жылы зауыт ішкі нарықта жұмыс істеуде. Өз өнімдерін “Қазотанпром” ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорындарына жеткізеді. Мәселен, мына жылжымалы бұрғылау қондырғысы Петропавлдан Қызылорда облысына жөнелтіледі. Ал Ресей мен Өзбекстанға өнім экспорттау тоқтатылған.

ЕЛЕНА БАЛЯРИХИНА, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС директоры:
– Материал бағасына қатысты құбылыс біздің жұмысымызға кері әсерін тигізбей қоймады. Өйткені, біздегі есеп айырысу бағасы 2021 жылы қалыптастырылған болатын. Қазір машина жасау кәсіпорындарының басым көпшілігі өз өнімдерін бұрынғы бағамен өткізіп жатыр. Осындай жағдайда мемлекет тарапынан белгілі бір салаға қатысты қолдау көрсетілсе дейміз.

Кәсіпорын шикізатты бірнеше жыл қатарынан көршілес Ресейден сатып әкеледі. Бүгінде машина жасау кәсіпорнының цехтарында 95 адам жұмыс істейді. 2022 жылы олардың кейбірінің жалақысы 20%-ға, жеке мамандардыкі 50%-ға өскен. Алдағы жылы еңбекақы мөлшері бұдан да артпақ. Кәсіпорынға әлі де жұмыс күші керек.

АЛЕКСАНДР МАЛЫХИН, “Көпбейінді жабдық зауыты” ЖШС өндіріс бастығының міндетін атқарушы:
–  Жастар зауытта жұмыс істеуге құлық таныта бермейді. Көбісі перспектива жоқ деп ойлайды. Алайда, мұнда түрлі қызықты мамандықтар баршылық. Қызмет етуге колледж бен университеттерден келетіндер де бар. Алдымен олардың жұмыс істеуге деген ынтасы мен талабына қараймыз. Еңбектеріне қарай осында қызмет етуге алып қаламыз. Біраз тәжірибе жинағаннан кейін айлықтары да өседі.

Жас мамандарды тарту үшін зауыт басшылығы өңірдегі колледждермен және жергілікті университетпен әріптестік орнатқан. Биылғы жылы кәсіпорынның индустриялық сертификатының қолданылу мерзімі аяқталады. Үш жылға берілетін құжаттың уақытын ұзарту жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылдан бастап осы құжатпен қазақстандық зауыттар тендерлерге қатыса алады және өздерін тапсырыстармен қамтамасыз ете алады. 2022 жылы Көпбейінді жабдықтар зауытында 3 жаңа станок сатып алынып, дәнекерлеу жабдықтары жаңартылды. Келешекте шығарылатын өнім желісін кеңейту жоспарлануда.


Алтынай Казиканова