Қоғам

Ауыр дертке шалдыққан балаға көмек қажет

Бескөл ауылының тұрғыны Виктория Ташланова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Оның 1 жастан асқан Лиам есімді ұлы туғанынан жұлын бұлшықет атрофиясына шалдыққан. Нәзікжанды баланың бойындағы кінәратты 6 айында байқап, дәрігерлерге қаратыпты. Көп ұзамай жаға ұстатарлық диагноз қойылған. Жығылғанға жұдырық демекші, Қазақстанда бұл ауруды емдейтін мамандар жоқ екен.

ВИКТОРИЯ ТАШЛАНОВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
–  Балам өздігінен қозғала алмайды. Жүріп-тұру былай тұрсын, отырғанда да қиналады. Диагнозды білгеннен кейін бірден Мәскеуге бардық. Онда балаға қалай күтім жасау қажеттігін үйрендім.

Балаға тиісті күтім жасалғанымен, дерт бой берер емес. Арқадағы ауру өкпе бұлшықеттеріне әсер ететін көрінеді. Соның салдарынан Лиам жұтынған кезде қиналады. Ал жөтелгенде тіпті жанын қоярға жер таппайды. Мұндай жағдайда қақырықты аппаратпен сорып алудан басқа амал жоқ екен. Әңгіме барысында Виктория статистикалық дерекпен бөлісті. Оның айтуынша, Лиам сынды балғындар тек 2 жасқа дейін өмір сүре алады. Сондықтан, бөбекке шұғыл көмек қажет.

ВИКТОРИЯ ТАШЛАНОВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мен Денсаулық сақтау министрлігіне жүгіндім. Ведомство мамандардың жоқтығын алға тартып, біздің өтінішті қабылдамады. Ойландыратын жайт, бұған дейін елімізде Лиам сынды 7 балаға көмек көрсетіліпті. Оны мен таныстарымнан естідім. Шұғыл көмекке мұқтажбыз. Себебі, кез келген уақытта баламның денсаулығы нашарлап, өте қиын жағдайға тап болуы мүмкін.

Баласы үшін алаңдаған ананың бар қалауы – мемлекеттен, министрліктен қолдау көрсетілгені. Ауыр дертті шекара сыртында емдеуге болады екен. Бірақ, оған қыруар қаржы керек. Ал отбасының бұған мүмкіндігі жоқ. Қайырымды жандар көмекке мұқтаж бүлдіршінге 8 708 866 06 78 телефон нөмірі немесе экранда көрсетілген инстаграмм желісі арқылы көмектесе алады.


Самал Жунусова