Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері құрметке бөленді

 

 

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Даласы қазыналы Қызылжар. Шынымен де солай. Суы мөлдір, шөбі шүйгін, топырағы құнарлы аққайыңдар өлкесінде еккеннің бәрі өседі. Ал өсіретін және өндіретін жандардың бір бөлігі қазақ театрының су жаңа ғимаратында отыр. Олар үшін мерекелік шара ұйымдастырылған.

Петропавлға әр жыл сайын орақ науқаны аяқталып, арқа кеңге салынған шақта үздік ауыл шаруашылығы қызметкерлері шақырылады. Алайда, биылғы бас қосудың орны бөлек. Үстіміздегі жылы сала өкілдері рекорд тіркеп, айды аспаннан бірақ шығарды. Мұны көпшілік маңдайалды мамандарды мерекемен құттықтау үшін сахнаға шыққан облыс әкімі Құмар Ақсақаловтан естіді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару бойынша республикада бірінші орындамыз. 10 айдың қорытындысы бойынша шығарылған өнімнің көлемі 1 трлн теңгенің үстіне шықты. Бұл – үлкен жетістік. Құтты болсын! Еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері әрқашан алғысқа лайық. Сан жетпейтін жұмыртқа, тонна-тонна ет, дастархандағы нанымыз, табиғи таза ағымыз – мыңдаған адамның еңбегі. Миллиондарды азықпен қамтыған қажырлы жандарға бәріміз разымыз.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  “Солтүстік Қазақстан облысының диханшылары – еліміздегі ең үздік диханшылары” деп айтуға негіз бар. Өйткені, еліміздегі астықтың 25 пайызы, ал майлы дақылдардың 30 пайызы осы жерде жиналады. Сүт өнімдерінің төрттен бірі де облыстағы зауыттардан шығарылады. Жұмыртқа да солай.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері – нағыз істің адамдары. Олар әрқашан арық сөйлеп, семіз шыққанды құп көреді. Бұл қасиетті аққайыңдық механизатор Жанат Исеновтан да байқадық. Арнамызға сұхбат берген ағамыз әңгімесін алыстан бастамады. Қазіргі техника туралы ғана ой білдірді.

ЖАНАТ ИСЕНОВ, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:
– Бұрынғы комбайндар ескі болды. Шаң болатынбыз. Қазір жаңаларын мініп жүрміз. Жұмыс істеу жеңілдей түсті. 35 жыл жұмыс істеп жатырмын. Әрі қарай да істеймін.

Дәстүрлі жиында 20-дан астам адам облыс әкімінің қолынан түрлі дәрежедегі марапат алды. Олар: агроқұрылым директорлары, агрономдар, механизаторлар, сауыншылар, технологтар мен жүргізушілер. Тізімді жалғастыра беруге болады.

«Солтүстік жер» серіктестігінің бас агрономы Батырбек Каримовке Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы табысталды. Жамбыл ауданындағы агроқұрылымның астық қоймасы биыл сары алтынға толыпты. 70-ке жақындаған жерлесіміздің еңбегі зор.

– Жақсы астық алудың, көл-көсір астық алудың құпиясы неде, аға?

БАТЫРБЕК КАРИМОВ, «Солтүстік жер» ЖШС бас агрономы, Жамбыл ауданы:
–  Тәжірибенің арқасы. Механизаторлардың арқасы. Зейнетке шыққаныма 5 жыл болды. Соған қарамай жұмыс істеп жатырмын. Бүгінгі марапатқа өте қуаныштымын.

Мерекелік шара концертпен жалғасын тапты. Залға жиналған қауым алдында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева және жергілікті әнші-бишілер өнер көрсетті.


Байболат Култанов