Балалар

Жұмыс ұсынушылар мен KU түлектерінің форумы

Биыл Қозыбаев университетін тәмамдағандардың 79 пайызы жұмыспен қамтылды. Келесі оқу жылында бұл сан өзгеруі мүмкін. Бұл туралы университет ректоры Ерлан Шуланов бүгін өткен форумда айтты. Университет сауатты мамандарды даярлау үшін айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр. Білікті педагогтарды тартып, жаңа зертханалар ашылуда. Ал нәтиже одан да тиімді болуы үшін білім ордасы өңірлік жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық байланыс орнатып жатыр.

АҚМАРАЛ ТҰРҒАЛИЕВА, Қозыбаев университетінің басқарма мүшесі:
–  40-қа жуық жұмыс беруші келіп отыр. Талқыланатын негізгі мәселелер – өндірістік тәжірибеден тиімді өту, оларды жиілету. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге университеттің ғылыми зерттеулер жасауға мүмкіндігі бар екенін түсіндіру. Сол зерттеулерді студенттеріміз жұмыс барысында қолдана алады.

Облыста білікті кадрларға деген қажеттілік өте жоғары. Мәселен, Мамлют ауданындағы «Мамбетов и К” коммандиттік серіктестігіне бухгалтер, мал технологтары мен ветеринарлық мамандар қажет. Компанияның бас директоры Еркебұлан Мамбетов теория керек, бірақ қандай да бір нәтиже тәжірибе кезінде пайда болады дейді.

ЕРКЕБҰЛАН МАМБЕТОВ, «Мамбетов и К» КМ бас директоры:
– Біз Қозыбаев университетімен тығыз жұмыс істейміз. Бас агрономымыз осы оқу орнын тәмамдаған. Бүгінгі кездесуге зор сенім артып келдім. Қазіргі заманауи технологиялармен, техникамен жұмыс істеу үшін білімді мамандар қажет.

Қазіргі уақытта шаруашылықта 280-нен астам адам еңбек етеді. Алайда, кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр. Жастарды жұмысқа тарту үшін компания оларға қолайлы жағдай жасауда. Баспанамен қамтамасыз етеді, жоғары жалақы төлейді. Анатолий Рафальский – «Қазақстанның астық консорциумы» атты үлкен серіктестіктің басқарушысы. Оған астық өңдеу, өсімдік пен мал шаруашылығы сынды 20-дан астам шаруашылық кіреді. Аграрлық компанияға жоғары білікті мамандар қажет.

АНАТОЛИЙ РАФАЛЬСКИЙ, «Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС басқарушысы:
–  Бізге мамандар теория жағынан жақсы дайындықпен келеді. Бірақ, білікті маманда теориямен қоса тәжірибесі де молынан болуы қажет. Сондықтан, оқыту барысында жастарды бір компанияларға жиі жіберіп тұру керек деп ойлаймын.

Соңғы жылдары ауылшаруашылық мамандықтарының беделі артып келеді. Себебі, шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасы дамуда. Жас маманды жақсы жалақы қызықтырды. Анатолий Рафальскийдің айтуынша, қарамағында айына 500 мың теңгеге дейін алатын еңбеккерлер бар екен. Кадрдың тұрақтап қалуына барынша септесу қажет. Осы ретте университет ұжымы кәсіпорындардың тапсырысы бойынша оқыту бағдарламаларын өзгертіп, жұмыс берушілерімен жиі кездесулер өткізуге дайын.


Самал Жунусова