Қоғам

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ына қысқа дайындық паспорты берілмеген

 

Өңірдегі энергия өндіруші және энергия таратушы кәсіпорындардың біріне қысқа әзірлік паспорты берілмеді.

Әзірлік паспорты – бұл энергия өндіруші мен энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын растайтын құжат. Ол жыл сайын Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінен беріледі. Биыл аталған комитеттің жергілікті департаменті кәсіпорындардан өтініштерді тамыздың 15-сінен қыркүйектің 30-ына дейін қабылдаған. Әзірлік паспортын алу үшін департаментке тиісті ұйымдар талапқа сәйкес қауырт маусымға дайындық актісі мен энергетикалық сараптама қорытындысын ұсынулары қажет болатын.

Жәмила Әбдіқасымова – ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы
– Биылдыққа департаментпен 3 ұйымға әзірлік паспорты берілді. Олар: «Қазсушар» кәсіпорны, «Зенченко және К» командиттік серіктестігі және «Иван Зенченко» серіктестігі. Ал «Солтүстік Қазақстан Электржелісті Тарату Компаниясы» АҚ және «Петропавл электрмен жабдықтау дистанциясы – Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінің құрылымдық бөлімшесіне» әзірлік паспорттарын Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті берген болатын.

Соңғы аталған екі ұйымға тиісті құжат ескертулермен беріліпті. Нұсқаманы белгілі бір уақыт аралығында міндетті түрде орындау қажет. Өйтпеген жағдайда құжат қайтарылып алынады және 300 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынады.

Жәмила Әбдіқасымова – ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы
– Атап айтқанда, аталған екі ұйымда жөндеу жұмыстары аяқталмағандықтан паспорт ескертулермен берілді. Бірақ, олар желтоқсанның 30-ына дейін жұмыстардың аяқталғандығы туралы растау құжаттарын ұсынулары тиіс. Ал Петропавл ЖЭО-2 «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ына комитет әзірлік паспортын беруден мүлдем бас тартты. Осы орайда департаментпен бұл ұйымға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 459 мың теңге көлемінде айппұл салынды.

Мамандардың сөзінше өңірде мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр. Бұған дейін барлық компанияларға әзірлік паспорты ескертумен қоса берілген. Аталған ұйымда әлі күнге дейін түтін сору бөлімшесінің ғимараты қалпына келтірілмеген және газ құбырларын қайта құру жұмыстары жалғасып жатыр.

 Жәмила Әбдіқасымова – ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы
– Энергетика кәсіпорындары әзірлік паспортын алмаған жағдайда жұмыс әрі қарай жалғасады. Бірақ, құжат кәсіпорын тиісті шараларды келесі жылғы күзгі-қысқы маусымға дейін орындаған жағдайда берілетін болады.

Сөз соңында айта кетейік, жалпы атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің мамандары өңірде 6 кәсіпорынды тексеріп отырады.


Дана Ешкенова