Мәдениет

Петропавлда Аяған Шәжімбаевты еске алу кеші өтті

Ей, адамның баласы, бермен қара! Бүгін осындай атаумен И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада жерлесіміз, кино өнерінің майталманы Аяған Шәжімбаевтың 70 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.

Аяған Қуандықұлы 1952 жылы қарашаның 25-і күні Есіл ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген. 70-ші жылдары жергілікті “Ленинское знамя”, қазіргі “Солтүстік Қазақстан” газетінде жұмыс істеп, жаңа фильмдерге рецензия жаза бастаған. Кейін асқақ арманының жетегінде кино саласын меңгеру үшін Алматы қаласына аттанған. Онда Әуезов атындағы академиялық театрдың 2 жылдық актерлік курсына түсіп, сәтті аяқтап шығады. Ал 78-ші жылы Аяған Шәжімбаев өзін алғаш рет актер ретінде “Транссібір экспресі” фильмінде сынап көреді. Бүгінгі маңызды іс-шараға Алматыдан зайыбы Алмагүл Құлжабаева арнайы келіп отыр. Ол жолдасының білімді, еңбекқор, өнерлі адам болғанын айтып еске алды.

 Алмагүл Құлжабаева, Аяған Шәжімбаевтың зайыбы
– Кезінде бірге оқып, бірге жұмыс істедік. 3 баламыз бар. Ол 42 жасында қайтыс болды. Ол студенттік кезде әрдайым кітаппен жүретін. Әсіресе, Абай атамыздың кітабын жиі оқитын. Өнерге өте жақын болды.

Аяған Шәжімбаев аққан жұлдыздай жарқ етіп, қырықтан асқан шағында дүниеден озған. Алайда, қамшының сабындай аз ғана ғұмырында артынан өшпес із қалдырып, қазақстандық кино саласына еңбегі сіңді. Қазақ киносының дамуына үлес қосқан режиссер, актер, Аяған Қуандықұлы бүкіл елге 89-шы жылы «Алжир» деректі фильмімен танылды.

Ләззат Ерғожина, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының филиал меңгерушісі:
– Аяған Шәжімбаевтың бейнесін жоғалтпау, ұпытпау мақстаныда осындай іс-шара ұйымдастарып жатырмыз. Жиынға оның туыстары, әріптестері, замандастары келіп отыр.

Аяған Шәжімбаев 20-ға жуық көркем және деректі фильм түсірген. Кейбіреуіне актер ретінде де қатысқан. Жерлесіміз көзі тірі болса биыл 70 жасқа толар еді.


Дана Ешкенова