Спорт

Грек-рим күресінен халықаралық турнир өтіп жатыр

Облыс орталығында КСРО-ның спорт шебері Уәлихан Нұркеевке арналып грек-рим күресінен халықаралық турнир бастау алды.
Жарыс жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып жатыр.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық палуан қатысуда. Турнир 12 салмақ дәрежесі бойынша өтуде. Сайыстан ресейліктер де қалыс қалмады.

МЕЙРАМ ХАМЗИН, турнирдің бас төрешісі
–  Мақсат – жас палуандардың деңгейін өсіру, спортқа бейімдеу. Осы балалардың арасында жоғарғы деңгейдегі палуандарды шығару. Сол себепті, осындай жарыстарды ұйымдастырып отырмыз.

Боз кілемге бірінші болып 32 келі салмақ дәрежесінде петропавлдық және шымкенттік палуандар шықты. Екеуінің де күреске деген икемі көрініп-ақ тұр. Бір-біріне дес берер емес. Соңғы сәтте қызылжарлық Әлихан Тұрсынбаев шымкенттік спортшыны алып ұрып, жеңіске жетті. 11 жасар спортшының грек-рим күресімен айналысып жүргеніне 4 жыл болған.

ӘЛИХАН ТҰРСЫНБАЕВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы
– Менің қарсыласым Шымкент қаласынан болды. Мен оны накатпен ұттым. Ол да осал емес екен. Ол маған қысым берді. Мен оны 40 секундта ұттым.

Келесі болып ортаға Ақмола облысы мен Ресей елінің қос палуаны шықты. Олар да 32 келі дәрежесінде күш сынастыруда. Қызыл жейдедегі ақмолалық спортшының мысы басым көрінеді, айла-амал қолданып қарсыласын тізе бүктірді.

ХАЛИД ТУРАШЕВ, жарысқа қатысушы, Ақмола облысы
–  Қарсыласымның күші көп. Күресу оңайға соқпады. Ресейлік спортшының екі қолын бұрап босатпадым. Содан ол қозғала алмай қалды.

Турнир 2 күн бойы өтеді. Соңында жеңімпаздараға кубок, медаль және белбеу табыс етіледі.


Гульден Симбаева