Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы балаларды оңалту орталығында болды

 

 

Аймақ басшысы «Сенім» жеке оңалту орталығында болды. Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған, Даун синдромына, омыртқа жарығына және церебралды сал ауруына шалдыққан балалар терапиядан өтеді. Олардың ата-аналары ақша жинап, елордадан емдік дене шынықтыру дәрігерлері мен логопед шақыртыпты. Оң нәтиже бар. Кішкентай Захардың анасы Наталья Анисимова ұлының жетістігіне қуанышты.

НАТАЛЬЯ АНИСИМОВА, қала тұрғыны:
– Ұлым 5-ке толады. Дерті – эпилепсия. Орталыққа ашылғалы келіп жүрміз. Пайдасы біртіндеп байқалып жатыр. Захар ақырын-ақырын жүре бастады. Бұл сәтті ұзақ күттік.

Жиналған ақша қызметтерді өтеуге және жабдық сатып алуға жұмсалады. Мұнда әлі де аппараттар қажет. Осы жылдың қыркүйек айында ата-аналар облыс әкімінен көмек сұрады. Бұқараның бұйымтайы жерде қалмақ емес. Орталыққа арнайы келген Құмар Ақсақалов бірқатар мәселенің жақын арада шешілетінін жеткізді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Балалар бекітілген протокол бойынша емделеді. Бірақ, ол жеткіліксіз екенін түсініп отырмыз. Бұл протоколды өзгерту керек. Өзгертілсе, біз қаражат тауып, балалар ұзақ емделетін болады. Министрлікке ұсыныстар жасап көрейік. Сонымен қатар, ата-аналарға да көмек көрсетуіміз керек.

Тағдыр тәлкегіне ұшыраған балалар жылына бір емес, бірнеше рет мемлекеттік квота бойынша емделсе, тіпті, нұр үстіне нұр болар еді. Ата-аналар осыны қалайды. Тілдесу барысында облыс әкімі арнайы жабдық сатып алуға көмектесетінін айтты. Ал кәсіпкер Сергей Леонтьев балалар орталығының бір жылдық жалдау ақысын төлеп бермек.

ӘЗИЗА ЖҮНІСОВА, орталық директоры:
– Біз ойлағаннан көп көмек көрсетілмек. Ойымызда мини-центр ашу болған. Көмектесеміз деді. Арендамызды да өтейтін адам табылды. Облыс әкіміне алғыс білдіреміз.

Орталықта айына 20-30 балақай оңалтудан өтеді. Қызмет түрлері кеңейіп, шағын-орталық ашылса, ата-аналарға жеңіл болмақ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаманы жүзеге асыру бойынша жауапты орган өкілдеріне тапсырма берді. Айта кетейік, бүгінде өңірде ерекше қажеттіліктері бар 2 мыңнан астам бала тіркелген.


Байболат Култанов