ТЖ

Петропавлда биыл 17 көлік өртеніп кетті

 

Өңірде жыл басынан бері 600-ге жуық өрт тіркелген.
Салдарынан 33 адам көз жұмып, 25 адам түрлі жарақат алды, соның 7-еуі – бала. Мамандардың айтуынша, өрт көп жағдайда жеке секторда болады. Басты себеп – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Өрттің 70 пайызы тұрғын үй секторында тіркеледі. От көп жағдайда қосалқы үй-жайдан, моншадан шығады. Пешті қолданған жағдайда абай болу қажет.

Сондай-ақ, жыл басынан бері Петропавлда 17 автокөлік өртеніп кетті. Отттың шығуына себеп болған жағдайлар – газ жабдығын дұрыс пайдаланбау және сымдардың қысқа тұйықталуы. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатымен полиция мен төтенше жағдайлар қызметкерлері кезекті рейдке шықты. Мамандар жүргізушілерге қарапайым қауіпсіздік ережелерін еске салды.

Қала тұрғыны Александр Семенковтың көлік жүргізіп жүргеніне – 6 жыл. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның көлігі өртенген. Мұндай жайттың қайталанбасы үшін қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау қажет дейді.

АЛЕКСАНДР СЕМЕНКОВ
– Осыдан 4 жыл бұрын көлігім жанып кетті. Алдыңғы фарды жағып-сөндіретін батырманың сапасызын алған болуым керек. Қызып кеткен.

Осыдан бірнеше күн бұрын техникалық қызмет көрсету станциясында өрт орын алған болатын. Жеңіл көліктен шыққан газ-ауа қоспасы жарылып, өрт ғимаратты шарпып кетті. Салдарынан зардап шеккен адамдар да бар.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері
– Көлікте өрт сөндіргіш құралы мен тиісті дәрі-дәрмек болуы керек. Қандай да бір оқыс оқиға бола қалған жағдайда бірден 101,112 нөмірлеріне хабарласу қажет.

Өрт сөндірушілері осында рейдтерді жыл соңына дейін жалғастырады.


Гульден Симбаева