Аптадағы маңызды жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі халықпен кездесті

 

 

Солтүстік Қазақстан облысына оқу-ағарту министрі келді. Асхат Аймағамбетовтың жұмыс сапары Оқушылар сарайынан басталды. Мұнда еліміздің бас ұстазы халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Соңғы жылдары республиканың білім және ғылым саласында біраз өзгеріс орын алғаны белгілі. Алдағы уақытта да жаңашылдықтар енгізіледі. Солардың өзекті дегендерін мінберге шыққан ведомство басшысы жіпке тізді.

 

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
–  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтарды орындауға кірісеміз. Біріншісі, 1 мен 4-ші сынып аралығындағы оқушылардың барлығын ыстық аспен қамтамыз ету. Қазір еліміздің 7 өңірінде мұндай жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жаңашылдық 20 облыста да қолға алынады.

Мұндай жаңашылдық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да қолға алынады. Бірақ, балалардың барлығы қамтылмайды. Жақын келешекте тұрмысы төмен отбасылардың ұл-қыздары бюджет тарапынан ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
–  Біз балабақшаға кезек мәселесін қарастырған кезде кейбір ата-аналардың балаларын кезекке қоймайтыны анықталды. “Неге?” деген сұрақ туды. Жан-жақты зерттеу жүргіздік. Сөйтсек, азаматтар ұл-қыздарының тамағына ақша төлеу қажеттігін ескеріп, кезекке тұрмайды екен. Міне, мемлекет осы мәселені шешпекші.

Есептеу жүргізіліп қойыпты. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, келешекте Қазақстанда қолдауды қажет ететін 300 мың бала балабақшада тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы және өзге де оң өзгерістер жіпке тізілгесін, кезек сұрақ-жауапқа келді. Алғаш болып ортаға кітапханашы Айгүл Байтукина шықты. Ол кітапханашылардың табысы артқанын қалайды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
–  Бұл мәселені министрлік деңгейінде көтеріп отырмыз. Бұл – біздің бақылауымыздағы сұрақ.

Қағазбастылыққа жол жоқ! Енді мектеп директоры немесе өзге лауызымды тұлға мұғалімнен электрондық журнал мен күнделікті оқу жоспарын ғана талап ете алады. Артық құжат сұратса, басы дауға қалады.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
– Директорға немесе өзге лауазымды тұлғаға ескерту жасалады. Одан кейін айыппұл салынатын болады.

Мұғалім өзіне тән емес жұмыстарға немесе іс-шараларға мүлде тартылмауы тиіс. Ұстаздың міндеті – баланың бойына білім нәрін сіңіру. Бұл жайлы бұған дейін де талай мәрте айтылды. Кездесу барысында министр мырза жиі көтерілетін мәселеге тағы бір тоқталды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
–  Сенбіліктерге немесе өзіне тән емес жұмыстарға тартылса, жауапкершілік қарастырылған. Осыған дейін біраз адам жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер де, мектептің басшылары да бар.

Қызылжарлықтардың қостілді мектептерде қолданылатын кітаптарға көңілі толмайды. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқулығында қателіктер көп көрінеді.

ӘЙГЕРІМ УӘЛИЕВА, №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп кешеніннің директоры:
– 7 мен 11-ші сынып аралығындағы оқулықтарға өзгеріс енгізілсе екен деймін. Оқулықтардағы мәтіндер оқу мақсатына сай емес.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
–  Біз қазір бағдарламаларды жаңартып жатырмыз. Проблема шешіледі деп санаймын.

Кездесу алдында Асхат Аймағамбетов тілшілермен тілдесіп, бүгінгі жоспарымен бөліскенін де айта кету қажетпіз. Министрдің күн тәртінде ауылдарға ат ізін салу да бар.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
–  Солтүстік Қазақстан – шағын жинақты мектептер ең көп шоғырланған облыс. Бүгін ауылдағы мектептерге міндетті түрде барамын. Әріптестеріммен кездесіп, жұмыс жайлы, мәселелер жайлы сөз қозғамақпын.

Болашақта Қазақстанда “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырылады. Оның аясында біздің өңірде ауқымды жұмыс атқарылмақ.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР оқу-ағарту министрі:
–  Ұлттық жобаның шеңберінде орын тапшылығы, үш ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептердің проблемасы шешіледі. Ұлттық жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысында да бірнеше мектеп салынады. Құрылысқа дайындық барысымен танысамын.

Кездесуден кейін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бірқатар объектіде болды.


Байболат Култанов