Мәдениет

Құлеке батырға – 320 жыл

 

Танытқан ерлігімен қазақ атын. Бүгін осындай атаумен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Құлеке батырдың 320 жылдығына арналған тарихи-әдеби кеш өтті.Жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, батырдың ұрпақтары, жерлестері мен жастар жиналды. Алдымен дүйім жұртқа Құлеке батырдың өмірбаяны баяндалды. Баһадүр бабамыз Орта жүздің Арғын руынан. Құлеке Тәңірбердіұлы 1702 жылы қазіргі Шал ақын ауданы жерінде дүниеге келген. Батыр жұртшылыққа Шал ақын бабамыздың әкесі, Абылай ханның сенімді серігі ретінде таныс. Тағы батыр өз заманының батыл елшісі, парасатты мәмлегері болған. Ол көрші Ресей және Қытай елшілерімен тығыз байланыста болып, елдер арасындағы бітімгерлікті сақтап отырған. Бүгінгі тарихи-әдеби кешке Құлеке батырдың 7-ші ұрпағы Сартай Қоспанов қатысты.

Сартай Қоспанов, Құлеке батырдың ұрпағы
– Біз – Құлеке батырдың 7-ші ұрпағымыз. Ерте кезде батырымыз жайлы еститінбіз. Бірақ, мұндай іс-шаралар ұйымдастырылмайтын. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана көптеген батырларымыздың ерлігі аталып өтілуде. 01:19 Құлеке батырдың еңбегі көп қой. Абылай ханның оң қолы болды. Өзге елдің елшілерімен тығыз байланыста болды. Елін, жерін жауға бермей түрлі шайқастарға да қатысты.

Құлеке батыр 30 жыл бойы Қазақ хандығының нығаюына үлес қосқан, ішкі және сыртқы саясатқа белсене араласқан. Оның есімі ресми құжаттарда 40-тан астам рет жазылған екен. Алайда, әлі күнге дейін мектеп оқулықтарында баһадүр бабамыз жайлы ақпарат жоқ.

Данияр Қабдулин, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:
– Бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Себебі, бұған дейін Құлеке батырдың ерлігі жайлы естіген жоқпыз. Бүгін Құлеке Тәңірбердіұлының қазақ тарихында ерекше орын алатынын білдік. Осындай тұлғаны барлық жастар білуі керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ, кітапхана қабырғасында “Даланың ержүрек батыры” атты кітап көрмесі қанат жайған. Мұнда Құлеке батыр жайлы жазылған ондаған кітап қойылған.


Дана Ешкенова