Қоғам

Мемлекеттік қызметші масаң күйде көлік жүргізген

Облыс орталығында әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібіне мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері шығарылды. Алдымен Шал ақын ауданындағы Юбилейный ауылдық округінің әкімі Бүркіт Шекеновке қатысты тәртіптік іс қаралды.

АБЗАЛ ОРАЗБЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:
–  Бүркіт Шекенов Астана қаласындағы іссапардан келгеннен кейін бір дәмханаға кешкі асқа шақырылған. Оның барысында ішімдік ішіп, кейін қызметтік көлікке отырған. Осылайша, көлікті масаң күйінде тізгіндеген Шекенов Сергеевка қаласының бір көшесімен жүріп өткен. Сол өрескел әрекеті анықталып, 20 тәулікке тергеу изоляторына қамалды.

Масаң күйде көлік тізгіндеген Шал ақын ауданының округ әкімі Бүркіт Шекеновты жұмыстан босату керек. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері оған қатысты осындай ұсыныс жасады. Азамат өз кінәсін мойындап отыр. Келесі мәселе Жанат Тоқсанбаевқа қатысты. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары бұл лауазымға ағымдағы жылдың мамыр айында тағайындалған. Оның қол астындағы азаматтар Тоқсанбаев мемлекеттік қызметші этикасын ұстанбайды деп шағым түсірген.

ДИНАРА ҚАНТАЕВА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:
–  Тексеріс барысында Жанат Тоқсанбаевтің әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны анықталды. Қарамағындағы бірнеше адам оны растады.

Бұл ретте Жанат Тоқсанбаев өз кінәсін мойындаған жоқ. Айтуынша, қызметкерлер оған қастандық жасауда.

ЖАНАТ ТОҚСАНБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
– Өңірде ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер баршылық. Менің үстімнен шағым түсіргендер – бір бөлімнің қызметкерлері. Мен олардан жұмыстың тиянақты орындалуын талап еткен болатынмын. Осы ретте олар маған әдейі істеп отыр деп ойлаймын.

 

Жиын соңында Жанат Тоқсанбаевқа сөгіс беру туралы шешім қабылданды.


Самал Жунусова