Денсаулық сақтау

10 ай ішінде 25 мыңнан астам адам тегін медициналық көмек алды

 

Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көптеген медициналық қызмет­ке тегін қол жеткізуге болады. Мәселен, артта қалған 10 ай ішінде 25 мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа қор есебінен 351,5 млн теңге көлемінде қызмет көрсетіліпті. Яғни, тұрғындар медициналық көмекті ақысыз негізде алған.

Қарлығаш Ілиясова, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы
– Өңір халқына медициналық көмек көрсетуге – 58,1 млрд теңге, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 35,6 млрд теңге және МӘМС жүйесінде 22,5 млрд теңге көзделген, бұл 2021 жылдан 17,1%-ға артық. ӘМС іске асыру кезеңінде пациенттерге арналған көптеген медициналық қызметтер қолжетімді болды. Мысалы, КТ, МРТ сияқты қымбат қызметтер. Халықтың сұранысы пайда болды және бүгінгі күні ол өсіп келеді, жекелеген бейінді мамандардың қызметтеріне қажеттілік артып келеді.

Сондай-ақ, МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық оңалту сынды маңызды бағыт қарқынды дамып келеді. Сақтандырылған пациенттер тәулік бойы жоспарлы түрде тегін ем ала алады. Жалпы, қор аясында дәрігердің қабылдауынан бастап қымбат отаға дейін тегін жасатуға болады.

Қарлығаш Ілиясова, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы
– Қор арқылы сақтандырылған адам қажет болған жағдайда қымбат жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады. Мысалы, бас және мойын тамырларын эндоваскулярлық эмболизациялау отасының құны 6 млн-ға жуықтайды. Ал МӘМС қаражаты есебінен оны тегін жасауға мүмкіндік бар. Мұндай операция біздің облыстық көпбейінді ауруханада жасалады. Сондай-ақ, аталған емдек мекемесінде, жамбасты, тізе буыннын ауыстыру секілді оталар жасалады. Бұл оталардың құны 1 млн-нан асады.

Ағымдағы жылдың соңғы 10 айында қорға солтүстікқазақстандықтардан жергілікті емдеу мекемелерінің жұмысына қатысты 278 арыз-шағым келіп түскен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 17,3%-ға көп. Азаматтардың көбі тар бейінді мамандардың тапшылығын айтып шағымданған. Сақтандыру қоры облыста 40 медициналық ұйыммен жұмыс істейді. Оның арасында жекеменшік клиникалар да бар. Өңір халқының 81,3%-ы сақтандырылған.


Дана Ешкенова