Қоғам

Жеке және заңды тұлғалардың құқығын қорғау

 

Мемлекеттік және әкімшілік органдардың немесе сот орындаушыларының қандай да бір іс-әрекеттеріне, шығарған шешімдеріне көңілі толмаған адамдар көбіне қайда шағымданарларын білмей бас қатырады. Мұндай жағдайда облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінуге болатынын хабарлаймыз. Бұл жердегі мамандардың басты мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың құқығын қорғау. Осылайша, тараптардың мүмкіндігін теңестіру. Бұрын бәрі басқаша еді.

БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
–  Бір жағында – жеке немесе заңды тұлға. Жеке тұлға процеске дайын емес. Өзінің құқығын білмеуі мүмкін. Ал екінші жағында – мемлекеттік орган. Мемлекеттік орган процеске әрдайым дайын. Өздерінің белгілі қызметкерлері болады.

Сонымен, облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұлғаға қалай қол ұшын созады? Мұндағы мамандар келушіні қабылдап,
талап-арызды дұрыс жазуға, рәсімдеуге, жауапкерді көрсетуге көмектеседі. Тіпті, тараптардың кездесуінде сөз алуға құқылы.

БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
–  Сонымен қатар, сот мемлекеттік органның әрекетінде заңсыздықты көріп отырса, алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Ондай бұрын болмаған. Азаматтық соттар 2 тараптың дәлелдемелеріне сүйеніп, шешім шығаратын. Қазір олай емес.

Жыл басынан бері ауқымды шаруа атқарылыпты. Сот жүздеген солтүстікқазақстандықты қабылдаған екен. Басым бөлігінің мәселесі оң шешім тапқан.

БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
–  Жылдың басынан бізге 700 талап-арыз түсті. Көбін қарап шықтық. Қаралған істердің 73 пайызы талап қоюшылардың пайдасына шешілді.

Тіркелген көрсеткіш бас шайқатады. Сұхбат барысында Бердібек Мұстафин талап-арыз көбіне кімдердің атына жазылатынын да айтты.

БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
– Басым бөлігі – сот орындаушыларының әрекеттеріне, шешімдеріне шағым келтіру. Екінші орында – мемлекеттік органдар. Бізде көбінесе жер даулары қаралады.

Бұдан кейінгі кезекте тұрғын үй саласына және салық органдарына қатысты сұрақтар тұр екен.


Байболат Култанов