Құқық қорғау органдары

Петропавлда ата-ана қарауынсыз қалған 2 бала қолдау орталығына орналастырылды

Қамқоршылық және қорғаншылық органдарынан келіп түскен хабарлама бойынша ювеналдық полицейлер Қолдау орталығына 9 бен 12 жастағы екі баланы жеткізді. Ащы суға жақын шешелері
үйден кетіп қалған, балаларын материалдық жағдайы онсыз да қиын әпкесіне қалдырған. Қазіргі уақытта заңды өкілінсіз қалған балалар мамандардың бақылауында, тәртіп сақшылары олардың аналарының жүрген жерін анықтауда. Әйел адам ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.

Рустам Садулов – қалалық ПБ ЖПҚБ бастығы

– «Дәл сол күні ювеналдық полиция қызметкерлері тағы бір әйелдің ұлы мен қызын орналастырмақ болды. Аналары спирттік ішімдік ішпейді, бірақ жұмысқа орналасуға ниет танытпаған, үлкен ұлының жалақысына өмір сүріп келген. Үйлері де қысқа дайын болмаған. Дей тұрғанымен, полицейлер келісімге келіп, балаларды бағып-қағуға дайын әжелеріне тапсырған, аналарына түзелуге уақыт берілді».

Жыл басынан бері Петропавл қаласының ювеналдық полицейлері өмірлік қиын жағдайға тап болған 66 баланы қолдау орталығына жеткізген. Өйткені, олардың заңды өкілдері үйде тиісті жағдай жасамаған. Жалпы, тәртіп сақшылары тұрмысы төмен отбасыларды анықтау мақсатымен үй-үйді аралап, есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен ата-аналарды тексереді. Профилактикалық жұмыс қалалық әкімдіктің қамқоршылық және қорғаншылық секторымен және мектеп әкімшілігімен бірлесе жүргізіледі.


Данаш Хамзина