Қоғам

Өңірдегі сайлау нәтижесі жарияланды

Өңірдегі сайлау нәтижесі жарияланды. Қорытындыны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде мәлім етті.

 Асқар Сақыпкереев, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы
– Бүгін ҚР толық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда қарашаның 20-сы күні өткен кезектен тыс Президент сайлауының қорытындысы жарияланды. Сайлау қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті болып сайланды. Өңірде өткен сайлаудың негізгі нәтижелеріне тоқтала кетейін. Кезектен тыс Президент сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге 15 аумақтық және 640 учаскелік сайлау комиссиясы мен 3 мың 687 сайлау комиссиясының мүшесі тартылды.

Дауыс беру құқығына ие солтүстікқазақстандықтардың 79 пайызы азаматтық борышын орындаған.
Оның ішінде 1300-ден астам жерлесіміз алғаш рет конституциялық құқықтарын пайдаланып, сайлауға қатысқан. Өңіріміздегі маңызды саяси шараның барысын халықаралық байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен сенімді өкілдерден құралған топ бақылады. Сонымен, 6 үміткердің қайсысына облыс тұрғындары қалай дауыс берген?

Асқар Сақыпкереев, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы
– Қарақат Жақсылыққызы Әбденге 3 мың 380 адам дауыс берген. Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевқа 5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық дауыс берген. Дайрабаев Жигули Молдағалиұлы 6 мың 727 дауыс жинады. Қажыкен Мейрам Зекешұлына 8 мың 964 адам дауыс берген. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 231 мың солтүстікқазақстандық дауыс берді.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының мәліметіне сүйенсек, сайлау бөлімшелерінде ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ.


Дана Ешкенова