Денсаулық сақтау

“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы іске асырылмақ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды.
Жуырда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жобаны іске асырудың нәтижесінде профилактикалық тексерулердің, скринингтердің, сондай-ақ, ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету жоспарланған. Премьер-Министр ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет екенін атап өтті. Осы орайда жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ, 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Өзге де жобалар аясында, мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бойынша медициналық объектілер салу көзделіп отыр.

 Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министр
– “Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық объекті ашылатын болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет”.

Айта кетейік, бүгінде қазақстандықтардың шамамен 8 млн-ы елді мекендерде тұрады. Бұл республика халқының шамамен 41%-ын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызметкерлері медициналық көмек көрсетеді.


Дана Ешкенова