Қоғам

Сайлауға шетелдік бақылаушылар баға берді

Президент сайлауының нақты нәтижесі қашан және қалай шығады? Бұл сұрақ көптің аузында жүргені анық. Бүгінгі брифингтердің бірінде сауалға Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров былай жауап берді:

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– ҚР сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, аумақтық сайлау комиссиялары дауыстар саналғаннан кейін 2 күн ішінде әр өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқаларын жеткізуге тиіс. Биылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының отырысында бекітіледі. Оның өтетін күні мен уақыты қосымша хабарланады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұл отырыссыз-ақ бәрі түсінікті. Дауыс санау аяқталғанын, алдын ала қорытынды шығарылғанын ескерсек, Қасым-Жомарт Тоқаев – жеңімпаз. Қазақстан Республикасының Президенті қазір жан-жақтан құттықтау да қабылдап жатыр. Алғаш құттықтағандардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Саяси додаға қатысқан өзге кандидаттардың да қалыс қалмағанын айта кетуіміз қажет. Олар мемлекет басшысын құттықтап, тілек білдірді.

Ал түстен кейін елордада ТМД байқаушылары миссиясының өкілдерімен брифингі ұйымдастырылды. Журналистермен жүздесуде қаз-қатар тізілген шетелдіктердің әрқайсысы сөз алып, Қазақстанда саяси іс-шараның қалай өткенін баян етті. Алдымен тілшілер қауымы төраға Сергей Лебедевті тыңдады.

СЕРГЕЙ ЛЕБЕДЕВ, ТМД байқаушылары миссиясының төрағасы:
–  Біз мыңнан астам сайлау учаскесінде болдық. Ауыз толтырып айтарлықтай бұзушылық тіркелмеді. Барлық жерде дауыс беру бірқалыпты деңгейде өтті. Ұзақ кезек күту деген де болған жоқ. Мұны ұйымдастырушылардың біліктілігі деп түсіну қажет. Ашықтыққа, мөлдірлікке де көзіміз жетті.

Тарихи датада шетелдіктер отандық бақылаушылар мен комиссия мүшелерінен сайлауды өткізу тәртібін сұрап та көрген екен. “Мамандардың барлығы дұрыс жауап берді”,- дейді Сергей Лебедев.

СВЕТЛАНА ЛЮБЕЦКАЯ, ТМД байқаушылары миссиясының мүшесі, БР:
–  Мамандардың барлығы жақсы дайындалған. Оның үстіне сайлау учаскелері әртүрлі санаттағы адамдарға қолжетімді болды. Бұл өте маңызды дегім келеді. Алғаш дауыс берген азаматтарға сыйлықтар таратылды. Учаскелерде ата-аналарымен келген балаларды да көрдік. Өзіме сайлаудың өткізілуі өте ұнады.

Айта кетуіміз қажет, кешегі сайлауды 641 шетелдік пен халықаралық ұйым өкілі бақылады. Оның 170-тен астамы – ТМД-ның 9 елінен келген меймандар.


Байболат Култанов