Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент сайлауының алдын ала қорытындысы

 

Түсті 11-де Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтың сөзінше, кеше 11 953 465 адамда дауыс беру құқығы болыпты. Оның 8 млн 300 мыңнан астамы немесе 69,44 пайызы таңдау жасаған. Кімнің асығы алшысынан түсті? Төрағаны тыңдайық.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Қарақат Жақсылыққызы Әбденге 206 206 адам дауыс берген. Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевқа 176 116 адам дауыс берген.

Жигули Дайрабаев аталған қос кандидаттан көп дауыс жинады. Оны 271 641 адам қолдапты. Ал Мейрам Қажыкенді таңдағандардың саны әжептәуір төмен. 201 мыңға жуық отандасымыз бұл үміткерді Президент ретінде көрген.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
–  Қасым-Жомарт Тоқаев 6 456 392 адам дауыс берді. Салтанат Тұрсынбаева 168 731 дауыс жинады. Бәріне қарсымын пункті – 5,8 пайыз (460 484 адам).

Яғни, Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша бүгінгі Президент – саяси доданың жеңімпазы. Бірақ, соңғы ақпарды күткеніміз абзал. Ол алдағы уақытта жария етілетін болады. Осы орайда қоса кетейік, кеше түнге таман “Ашық қоғам” өңірлік зерттеу халықаралық институты жүргізген алғашқы Exit-poll нәтижесі шықты. Дерекке сүйенсек, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаушылардың 82,45 пайызы таңдаған.


Байболат Култанов