Спорт

«Алтай» – Қазақстан суперкубогының иегері

 

 

Петропавлда Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 1-ші туры аясында суперкубок сарапқа салынды. Ортада бітіспес қарсыластар – солтүстікқазақстандық «Қуаныш» пен өскемендік «Алтай».

Ысқырық шалынды, бәсеке басталды. Бір-бірін бес саусақтай білетін қос ұжымның қыздары кім бірінші партияда жеңіске жетеді, сол суперкубокты еншілейді деген оймен ортаға шыққан сияқты. Әр ұпай үшін жан алысып, жан берісіп жатыр. Өкінішке қарай, сәттілік қонақтарға серік болды. Алғашқы кезеңде өскемендіктердің айы оңынан туды. Екінші партияда да қарсыластарымыз қызылжарлықтарды қапы қалдырды.

Блиц
– Біз «Қуаныш» командасына жанкүйер болып келдік. Әрине, қарсыласымыз осал емес. Жеңіске жетеміз деген ойдамын.
–  Өзім волейболға қатты қызығамын. «Қуаныш» командасы жеңіске жетеді деген сенімдемін.

Алаңдағы жерлестеріміз жанкүйерлердің қызу қолдауын сезінді. Үшінші партияда біздің қыздар жеңіске жетті.

Мұндағы есеп – 25 те 19. Үміт оты қайта тұтанды. Төртінші кезеңде «Қуаныш» ұтса, суперкубок бесінші партияның қорытындысы бойынша анықталады. Семейдегі сценарий қайталануы әбден мүмкін.

ЕРМЕК СЫРЛАБАЕВ, бас төреші:
–  ҚР суперкубогы үшін матчты тамашалап отырмыз. Былтыр «Алтай» командасы Азия чемпионы болды. Биыл «Қуаныш»командасы Семей қаласында 3 те 2 есебімен жеңіске жетіп, Азияның үздігі атанды. Келесі айда «Қуаныш» командасы Анталияда өтетін чемпионатқа қатысады.

Дегенмен, солтүстікқазақстандықтарға биыл суперкубок бұйырмады. Қонақ қыздар төртінші кезеңде ұтып, қанжығаларын бас жүлдемен майлады.

САНА АНАРҚҰЛОВА, «Алтай» ВК капитаны, Өскемен қаласы:
–  Шынымды айтсам, біз осы матчқа тыңғылықты дайылдалдық. Еңбегіміз ақталды. Үйге суперкубокпен қайтатын боламыз. Өте қуаныштымыз.

Талап бойынша суперкубок иегері ел намысын Азия чемпионатында қорғайды. Ол жарыс алдағы көктемге жоспарланған. Алайда, әлі өтетін жері белгісіз. Ал Петропавлда бастау алған Қазақстан чемпионатының 1-ші туры қарашаның 22-ші жұлдызында аяқталады. Ертең «Қуаныш» қыздары “Қарағанды” командасына қарсы тұрмақ. Матч 17:30-да басталады.


Гульден Симбаева