Қоғам

21 қараша – Халықаралық телевидение күні

Қазақстанда телевидение өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында дами бастаған. Ең алдымен еліміздің оңтүстік астанасында ең алғашқы отандық телеканал пайда болған. Нақтырақ айтқанда, 58-ші жылы Алматы студиясынан тұңғыш телехабарлар таратыла бастады. Бұл сала өңірде қалай дамыды? Ол туралы Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров жақсы біледі. Амандық Мырзахметұлы облыс орталығында тұрған телемұнараның пайда болуына қатысты қызықты дерекпен бөлісті.

Амандық Жантеміров, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері:
– 1960-шы жылдан бастап дами бастады. Бұған дейін телевидение деген болған жоқ. Оның өзі кездейсоқтық жағдай болды. Сол жылы Мәскеуден телемұнараның темір-терсектері Петропавловск-Камчатскийға жіберілуі керек болатын. Қателесіп кетіп біздің Петропавлға құрал-саймандар жеткізілді. Мәскеудегілер заттардың барлығы басқа жаққа кетіп қалғанын біліп қалып, қайта әкетпек болады. Бірақ, облыс басшылары күш салып сол телемұнараны қалдыртқан. Осылайша, Алматыдан кейін кездейсоқ жағдайда екінші болып Петропавлда телемұнара орнап, телевидение ашылды.

Амандық Жантеміров бастапқыда еңбек жолын газетте бастаған. Ол кезде түрлі тақырыпта қалам тербеген. Кейін 88-ші жылы тәжірибелі маманға жергілікті жердегі телерадионың қазақ бөліміне редактор болуға ұсыныс келіп түскен. Бұл қызметте 18 жыл еңбек еткен. Ыстығы мен суығы, қызығы мен шыжығы қатар жүретін салада талай қиындықты бастан өткердік дейді журналист.

Амандық Жантеміров, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері:
– Мен телевидениеге келген кезде бір қиын жағдайға лектім.Сол жылдары Кеңес Одағы ыдырап, егемен ел болдық. Алайда, қаржыландыру тоқтап қалды. Жалақы болған жоқ. Бір жылдары 8 ай бойы еңбекақы алмадық. Халықты ұстап қалу керек болды. Біз аудан басшыларымен шартқа отырдық. Шығармашылық жұмыспен қатар шаруашылық жұмысты істеуге тура келді. Біз аудандар туралы телехабар дайындайтынбыз. Ал олар бізге ет, ұн беретін. Солай халықты асырадық.

Жалақыдан бөлек, сол жылдары техника да тапшы болды дейді Амандық Жантеміров. Телеарнада тозған құрал-жабдықпен жұмыс істеуге тура келген.

 Амандық Жантеміров, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері
– “Кинор” деген аппарат болды. Ол пленка арқылы жұмыс істеді. 3-4 минут қана түсіруге болатын. Ол телевидение үшін өте аз. Сондықтан, көбіне жаңалықтарды фотосуреттермен беретінбіз. Кейін жергілікті басшылық көмек көрсетіп Мәскеуден жаңадан 5 камера алып берді. Солай ақырын дамып кеттік.

Елу жылда ел жаңа демекші, сол кездегі мен бүгінгі телевидениені салыстыру қиын дейді Амандық Мырзахметұлы.

 Амандық Жантеміров, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері
– Қазір 200-ден астам телеарна бар. Оның барлығын көруге үлгермейсің. Қазір әр адамның қолында ұялы телефон бар. Жаңалықтың барлығы соның ішінде. Қазір теледидарды аға буын өкілдері ғана көретін болды. Жастар телефонға кетті. Заман өзгеріп жатыр. Бірақ, заман ағымынан қалып қоймас үшін жақсы хабарлар ұйымдастыру қажет. Жаңалықтарды үстіртін ғана бермей, толық беруге тырысу керек.

Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров бүгінде халықты қызықтыратын, көкейіндегі тақырыптарды көбірек көтеріп, жаңалықты тереңінен берсе телеарналардың дәрежесі де, көрермендері де көп болады дейді.

Амандық Жантеміров, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері
– Мен шынында да байқап жүремін, МТРК телеарнасы жақсы-жақсы хабарлар береді. Ең бастысы, жаңалықтарды тез бересіздер. Телевидение деген өте жедел болуы керек.

Сөз соңында айта кетейік, бүгін яғни қарашаның 21-і – Дүниежүзілік телевидение күні. Бұл дата 98-ші жылдан бері аталып келеді.


Дана Ешкенова