Қоғам

Таңғы сағат 7-де Петропавлда 94 сайлау учаскесі жұмысын бастады

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Тәуелсіз Қазақстан жылнамасында осыменен 7-ші мәрте президент сайлауы өтіп жатыр. Қазір біз №1 гимназиядағы 597-ші сайлау учаскесінің алдында тұрмыз. Мұнда маңызды науқан таңғы сағат 6-да басталды. Қазіргі таңда жерлестеріміз мекемеге келіп өз дауыстарын беруде.
Барлығы – 2289 дауыс беруші. Бүгін №1 гимназияда осыншама адам өз таңдауын жасамақ. Мекеме есігін алғашқылардың бірі болып Жұмабай Акишев ашты. Зейнеткер ел болашағына бейжай қарамайды. Азамат ұрпағының болашағы баянды, халықтың тұрмыс-тіршілігі бай-қуатты болса дейді.

ЖҰМАБАЙ АКИШЕВ, қала тұрғыны:
– Ел келешегін ойлаған жандар сайлауға келуге міндетті деп санаймын.
50/ Ел болашағын ойлайтын президент алдыменен келешек жастардың қамын ойлау керек. Әрбір жастың басында үй болуы қажет. Елді мекендерге таза ауыз су тартылып, жолдары дұрысталуы тиіс. Балаларға сапалы білім беретін мектептер де көптеп ашылуы қажет. Кең байлықтың үстінде отырған халқымыз жақсылықта өмір сүрсе дейміз.

Науқанның барысын арнайы комиссия мүшелері қадағалауда. Барлығы – 9 адам. Олар келген тұрғындарды тіркеумен айналысады. Сондай-ақ, сайлаудың әділ өтуін қаламызға арнайы келген халықаралық қадағалаушылар бағамдауда.

ГҮЛЗАТ МҰХАМЕДЖАНОВА, №597 сайлау учаскесінің төрайымы
–  Әзірге, егде жастағы жандар белсенділік танытуда. Зейнеткерлер таңмен таласа өз дауыстарын беріп жатыр. Біздің учаскемізде мүгедектігі бар адамдар да тіркелген.

Комиссия мүшелері бұл жандардың үйлеріне барып дауыстарын қабылдайды. Себебі, сайлауда әрбір жанның таңдауы маңызды.

БЛИЦ:
–  Жастарымыз үшін жұмыс орындары көптеп ашылса деймін. Елдің дамып, гүлденгенін қалаймын.
– Шаңырағымыз биік болсын! Үкімет пен халқымызға тыныштық тілеймін. Зейнеткер ретінде өз басым зейнетақымыздың қосылғанын қалаймын.

Жалпы, бүгін қаламызда таңғы сағат 7-де 94 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Кешкі сағат 8-ге дейін мекемелерге 161 117 петропавлдық келіп, 6 кандидаттың біреуіне дауыс беруі керек. Айта кетейік, елдегі 7-ші президент сайлауына 245 шаһар тұрғыны алғаш рет қатыспақ.


Алдияр Айтпаев