Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі дауыс берді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Қазақстан Республикасында кезектен тыс президент сайлауы өтетіндігі қыркүйек айының басында белгілі болды. Сол кезде қарашаның 20-шы жұлдызына дейін әлі біраз бар деп сіз де, біз де ойлағанымыз рас. Алайда, уақыт шіркін зымыранша зулайды. Көзді ашып-жұмғанша ел тарихындағы маңызды күнге де келіп жеттік. Біз қазір облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында орналасқан №595 учаскеде тұрмыз. Бұл нысан Петропавлдың қақ ортасынан орын тепкені көпке аян. Тиісінше, тіркелген тұрғындардың да саны көп. Жап-жаңа комиссия өкілдерінен ақпар алдық. Ұсынылған дерекке сүйенсек, мұнда 1352 адам дауыс беруі тиіс. Сағат тура 10:00-да аралық қорытынды жария етіліп, 200-дей қалалықтың таңдау жасағаны мәлім болды. Жерлестеріміз кезекті сайлау ауқымды өзгерістің, Жаңа Қазақстанның бастауы деп біледі.

АЛТАЙ ЖУАНЫШПАЕВ, қала тұрғыны:
– Болашақта әділдік болғанын қалаймыз. Жаңа Қазақстан болса деп ойлаймыз. Тұрғындар, келіңіздер. Еліміздің болашағы үшін дауыс беріңіздер!

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Иә, келушілердің қатарында үлкен де, кіші де бар. Сайлау учаскесінде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Аманжол Нұртаевты кездестірдік. Ағамыз жолдасымен келіпті. 75 жастағы жерлесіміз жұртшылықты таңдау жасауға шақырады.

АМАНЖОЛ НҰРТАЕВ, қала тұрғыны:
–  Жауапты, саяси күн. Бүгінгі таңдауымыздан еліміздің тағдыры шешіледі деп ойлаймын. Сондықтан, дауыс беруге келіп отырмыз. Өзім ардагерлер кеңесінің мүшесімін. Барлығына айттым. Біздің облыс биыл да жоғары көрсеткіш көрсетеді деп ойлаймын.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Әріптестерім сайлау учаскесіне облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың келгенін хабарлап жатыр. Міне, аймақ басшысы дауыс беретін залға да енді. Өңір жетекшісін мекен жайы бойынша комиссия мүшесі қабылдап, бюллетень ұсынды.

ИНТЕРШУМ

 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өзімнің сайлау учаскеме келіп, дауыс бердім. Әр адамның дауысы өте маңызды. Әрқайсымыз елдің жарқын болашағын армандаймыз. Оны осындай саяси науқандарға қатысып қана жүзеге асыруға болады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұл сайлау учаскесінде 4 мүмкіндігі шектеулі жанның дауыс беретінін де айта кетуіміз қажет. Олар үшін бар жағдай жасалыпты.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, №595 сайлау учаскесінің төрағасы:
–  Оларға арналған бұрышымыз бар. Ол жерде барлық ақпарат ұсынылады. Пандусымыз, лифтіміз жұмыс істеп тұр.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Жылжымалы урналарды тасымалдайтын адамдар да қазір мекен жайларға шығады. Бірнеше адамнан өтініш түсіпті. Мамандар барлығын қамтитын болады.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, №595 сайлау учаскесінің төрағасы:
– Сайлау туралы заң бойынша 12-де үйлерге шығамыз. 12 дауыс берушіміз бар. Адам саны әлі де артуы мүмкін.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Петропавл қаласында тіркелмеген тұрғындарға айтарымыз бар. Сіздер 5 учаскеде дауыс бере аласыздар. Учаскенің бірі Н.Крупская атындағы №10 мектебінде орналасқан. Ол жердегі мамандарды сіздерді уақытша тіркейді, дауысыңызды қабылдайды, кейін тіркеуден шығарып тастайды. Әр сайлауда алғаш дауыс берген адамдарға сыйлықтар табысталады. Игі дәстүр биыл жалғасын тапты. 595 сайлау учаскесінің төрағасы таңдау жасауға келген теріскейлік жастарға сыйлық берді.


Байболат Култанов