Қоғам

Әркімнің дауысы маңызды

Маңызды саяси науқан күні №613 сайлау учаскесіне ағылған тұрғындар да өз таңдауларын жасауда. Араларында «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова да бар. Нәзікжанды қағаз жүзінде өз таңдауын нақтылап, бюллетенін жәшікке салды. Мәдениет саласында талай жыл бойы тер төгіп жүрген жан Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімді.

Ольга Ростовщикова, «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі:
– Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Әр қазақстандықтың дауысы маңызды. Қазақстанды одан әрі көркейтіп, бірлігімізді нығайтып, мызғымас тұрақтылығымызды сақтап қалу маңызды. Ол үшін бірінші кезекте, әрине мықты басшы болуы керек. Сондықтан, бүгін әр адам мүмкіндікті пайдаланып, дұрыс таңдау жасады деген ойдамын.

№613 учаскеде тізім бойынша 1900-ге жуық сайлаушы тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 30%-дан астамы өз таңдауларын жасапты.

Наталья ЗАВЕРТУНОВА, №613 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:
– Бізде тіркелген сайлаушылар белсенді дауыс беруде. Көбі отбасыларымен келуде. Араларында алғаш рет дауыс беріп жатқандар да бар. Біздің учаскеде ондай 10 адам тіркелген. Үшеуі өз таңдауларын жасады. Оларға маңызды саяси науқаннан естелік сыйлықтар табыс еттік.

Сондай-ақ, аталған сайлау учаскесінде 11 адам үйден дауыс беруге өтініш білдіріпті. Мамандар түстен кейін бұл азаматтардың баспаналарын аралап, дауыстарын жинап әкелген.

Нұржан САТИН, №613 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі:
– 11 адам үйден дауыс берді. 3 адамнан құрылған топ өкілдері осы азаматтардың үйлеріне барып, дауыстарын жинап алды.

Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру кешкі 8-ге дейін жалғасады.


Дана Ешкенова