Қоғам

100 жастағы соғыс ардагері Сергей Пресняков дауыс берді

 Дана Сәлімқызы, тілші
– Ел үшін маңызды тарихи науқан күні жүріп-тұруы қиын адамдардың да құқықтары елеусіз қалмады. Олардың үйлеріне учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арнайы барып жылжымалы жәшік арқылы дауыстарын жинады.

Бұл – Сүтішев көшесінде орналасқан 77-ші үй. Көпқабатты баспанада Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстың Құрметті азаматы Сергей Пресняков тұрады. Майдангер сұрапыл соғыс жылдарынан кейін елге оралып облыстың дамуына сүбелі үлес қосқан. Қария Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Жас кезінде ел қорғап, қазір 100-ге жеткен майдангер сайлауға өздігінен бара алмаса да үйден дауыс беруге өтініш білдіріпті. Сайлауға қатысу азаматтық парызым деп санайды.

Сергей Пресняков, ҰОС ардагері, облыстың құрметті азаматы
– Мен бүгін өз дауысымды еліміздің тыныштығы үшін бермекпін. Мен үшін Қазақстанның азаматы болу – зор мәртебе. Сондықтан, елдегі маңызды саяси науқанға қатысу әр тұрғынның парызы деп есептеймін. Бұл жай ғана дауыс бере салу емес, бұл – өте үлкен жауапкершілікті талап ететін іс-шара.

Ардагер 590 сайлау учаскесіне тіркелген. Үйіне келген сайлау комиссиясының мүшелері қарияға бюллетень ұсынып, таңдау жасауға мүмкіндік берді. Сергей Михайлович президенттікке лайықты деп тапқан кандидатқа дауыс беріп, парақты жылжымалы жәшікке салды.

Мәдениет Шоқаев, №590 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі:
– Түстен кейін жылжымалы жәшікпен жүріп-тұруы қиын адамдарға шықтық. Бірінші болып белгілі журналист, жазушы, тарихшы Сергей Пресняковтың үйіне келдік.

Жалпы, №590 сайлау учаскесінде барлығы 1600 адам тіркелген. Комиссия мүшелерінің сөзінше, сағат 15:00-ге дейін 800-ден астам азамат өз таңдауларын жасап үлгерген. Сондай-ақ, аталған
сайлау учаскесінде 19 адам үйден дауыс беруге өтініш білдірген.


Дана Ешкенова