Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР мәдениет және спорт министрі келді

 

Өңірге Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі келді. Дәурен Абаевтың жұмыс сапары Оқушылар сарайынан басталды. Мұнда атқамінер облыс тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде министрлік атқарып жатқан жұмыс жіпке тізілді.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР мәдениет және спорт министрі:
–  Мәдениет және архив қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша көптеген шара жүзеге асырылуда. Биылдан бастап мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаты қызметкерлерінің жалақысын 2025 жылға дейін орта есеппен 20%-ға жыл сайын арттыру көзделген.

“Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге”, – деп һәкім Абай жырлады. Алдағы уақытта Қазақстанда асыл қазынаның саны артатынын сүйіншілеп хабарлаймыз. Мысалы, «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы 3 мың тиражбен басылып шығады. Онда шығармалары еш жерде жарық көрмеген қаламгерлердің туындылары болады.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР мәдениет және спорт министрі:

–  Өңір-өңірлерде жыл сайын кітап жәрмеңкелерін ұйымдастыруымыз қажет. Биылдың өзінде Алматы мен Астана қалаларында кітап жәрмеңкесін өткіздік. Осы ретте мұндай кітап жәрмеңкесін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастыруға болатынын айтқым келеді.


Қазір «Ұлттық рухани жаңғыру» атты жоба бар. Бастама аясында 2022 жылы республикада 35 объектінің құрылысын жүргізу және 265 нысанды жөндеу жоспарланыпты. Оның 17-сі – Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан ғимараттар. Спорт саласына ойысайық. Жақында әлем чемпионаттарында жүлде еншілеген спортшылар мен бапкерлердің төлемақысы 4 есе өсті. Енді өмір бойы ай сайын төленетін ақы 306 мың теңгені құрайды. Атқарылған шаруа мен жоспар айтылғасын, кезек сұрақ-жауапқа келді. Мінберге шыққан жерлестеріміз өткір проблемаларды көтерді. Бірі сала өкілдеріне үй салуды, екіншісі табысты арттыруды, ал үшіншісі кадр тапшылығын жоюды сұрады.

БІРЖАН ЖАЛҒАСПАЕВ, С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының директоры:
–  Кадр мәселесі. Облыста Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің филиалын ашса, бұл мәселе толығымен шешілер еді.

Біржан ағамыз кадр тапшылығы мәселесін жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Іргелі қара шаңырақ дарындарды ауадай қажет етеді. Ал таланттар теріскейді таңдай қоймайды. Таңдағандардың өзі жалақының аздығынан, баспананың жоқтығынан өңірде тұрақтамайды.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР мәдениет және спорт министрі:
–  Барлығын есептеу керек. Нақты есеп болған жөн.

Дәурен Абаевтың айтпағы, филиал ашылған жағдайда қанша бала оқуға түседі? Оның нешеуі тәмамдайды? Түлектердің бәрі бірдей өңірде жұмыс таба ма? Міне, осыларды анықтап, шешім қабылдау қажет. Егер қорытынды көңіл көншітсе, министрлік қолдау танытуға әзір. Ал атақты жеңіл атлет Ирина Эктова Петропавлда заманауи спорт кешенінің салынғанын қалайды.

ИРИНА ЭКТОВА, облыстық мәслихат депутаты:
–  Бізде тамаша спорт кешені бар. Бірақ, ол бізге тарлық етеді. Мынаған назар аударуды сұраймын: жаттығу барысында манежде 5 бірдей спорт түрінің өкілдері жүреді. Оған қоса, нысанда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сол іс-шаралар кезінде дайындық жұмыстары өткізілмейді.

Бұл мәселе жақын арада шешілуі мүмкін. Министр қандай да бір жоба дайын болса, қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді. Кездесуден кейін ведомство басшысы жеке қабылдау және журналистермен брифинг өткізді. Тілшілермен тілдесу кезінде 24-ші жылға жоспарланған Париж Олимпиадасына дайындық жайын сұрадық.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР мәдениет және спорт министрі:
–  Жақында спортшылармен кездестік. Кездесуде біз жағдай жасаймыз, сіздер нәтиже көрсету қажетсіздер деп айттық.

Қанша жағдай жасалғанымен соңғы уақытта отандық палуандар биік белестерді бағындыра алмай жүр. “Бұған не себеп?” деген де сұрақ министр мырзаға қойылды.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР мәдениет және спорт министрі:
–  Мұндай мәселе бар. Қазір қаралып жатыр. Болашақта шетелдерден маман әкелуіміз мүмкін. Олар спортшыларымы
зға көмек көрсетеді деп ойлаймыз.

Алдағы уақытта отандық спортшылар жарыстарға электронды базаға енгізілген нәтижелері арқылы баруы мүмкін. Қазір арнайы жоба әзірленіп жатыр екен. Ал үздіктерді апармайтын бапкерлер жазаға тартылады. Мысалы, осы күнге дейін әділдіктен аттаған 1-2 жаттықтырушы орындарынан босатылыпты.


Байболат Култанов