Қоғам

Өңір ғалымдары шаруаларға жаңа жемазық түрін ұсынуда

 

 

Шаруаларға төлден ет пен сүтті молынан алуға мүмкіндік береді. Өңір ғалымдары эскструзиялық мал азығын зерттеп шығарды. Өнімнің бұл түрі төлдің салмағын молайтып, сиырлардың сүтін арттыруға септеседі. Жалпы, бұл нәтижеге қол жеткізу үшін мамандар маусым айынан бері тер төгіпті.

АЛТЫНБЕК АБДУЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
–  Соңғы жылдары біздің өңірге 40 мыңнан астам ірі қара шетел асырылып кіргізіліпті. Олардан үлкен көлемде ет алуға болады. Ақты да мол береді. Келген мал тез өседі. Олай болуы үшін беріп жатқан азығымыз малдың ағзасына пайдалы болуы керек. Сондықтан да осындай өнім шығардық.

Осы ретте өңірдегі 3 агроқұрылымда арнайы тәжірибе өткізіліп жатыр. Нәтиже жаман емес. Эскструзиялық азық жеген ірі қара бір айда 53 келі салмақ қосыпты. Ал сүт көлемі 20%-ға дейін артқан көрінеді. Жалпы, жаңа жем малдың ағзасына 95% сіңеді. Бұл күнделікті шаруалар салып жүрген кәдімгі арпа-бидайдан екі есе тиімді. Сондай-ақ, қоспа жеген мал энергияны аз жұмсайды. Енді эскструзиялық азықты шығару процесіне тоқталайық.

ДАНИЯР ЖАНТІЛЕУОВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
–  Институтта экструдер деген жабдық бар. Зерттеу жүргізу үшін оны әдейі алдырттық. Құралға салынған арпа-бидай 180 градуста қыздырылады. Ал қысым 30 атмосфераға дейін барады.

Осындай қысыммен арпа-бидайдағы микроорганизмдер толығымен жойылады, ал крахмал тәттірек бола түседі. Яғни, малдар азықты құлшыныспен жейді. Қазіргі таңда институт бидай, арпа және жүгеріні өңдеу арқылы өнім алып отыр. Бүгін бұл жемазық түрімен Қызылжар ауданының шағын шаруа иелері танысты. Кәсіпкерлер эскструзиялық өнім шығару барысын өз көздерімен көріп, оның тиімді тұстарын бағамдады.

АЛТЫНБЕК АБДУЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
–  Шаруашылықтарды қарасақ, бәрі арпа-бидайды малға үгіп береді. Оған да қыруар қаражат кетуде. Ал бүгін біз ұсынып отырған экструдорға ондай қаражат керек емес. Шаруашылықтарды алар болсақ, бір бұқаны 450-500 келіге жеткізу үшін олар оны 2 жыл күтеді. Ал біз шығарған өнімді жеген мал ол салмақты 1 жыл 2 ай ішінде жинайды.

Бұл өнімді қолдана бастаған шаруалар аз уақыттың ішінде пайдасын бірден көреді. Біріншіден, табиғи, таза өнім көлемі артады. Екіншіден, шығын азаяды. Бұл дегеніміз арпа-бидайдың қажеттілігі екі есеге төмендейді. Жиыннан кейін қатысушылар институт өкілдерімен тәжірибе өткізіліп жатқан шаруа қожалықтарына жолға шықты.


Алдияр Айтпаев