Мәдениет

Облыстық кітапханада “Алаштың Ахметі” атты конференция өтті

Облыстық кітапханада Ахмет Байтұрсынұлының «Досыма хат» атты өлеңі оқылуда. Алаш арысы атындағы мектептің 10-шы сынып оқушысы Шыңғыс Қожин ұлы ағартушылардың шығармашылығына ғашық. Ақындық қасиеті де бар. Орыс тілінде өлеңдер жазады. “Дегенмен, жақын арада мемлекеттік тілдегі туындыларым жарық көреді”,- дейді талантты жас.

ШЫҢҒЫС ҚОЖИН, А.Байтұрсынов атындағы №9 орта мектебінің оқушысы:
–  Менің 3 туындым бар. Олар еліміздің табиғаты жайлы. Менің ойымша, мұндай іс-шаралар ата-бабаларымызды тануға, олардың Тәуелсіздік жолындағы ерліктерін білуге, әдебиетті сүюге ынталандырады.

«Алаштың Ахметі» атты жиында ағартушының әдеби шығармашылығына, ғылыми мұрасына және оның зерттелуіне байланысты баяндамалар оқылып, сұрақтар көтерілді. Ортаға шыққандардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген №9-шы орта мектебінің мұғалімі Райхан Жетпісова. Ұстаз тұлға тәрбиелеу жолында атақты Ахмет атамыздың орны бөлек дейді.

РАЙХАН ЖЕТПІСОВА, А.Байтұрсынов атындағы №9 орта мектебінің мұғалімі:
– Барлық сыныптарда Ахмет Байтұрсынұлына арналған сынып сағаттары мен басқа да бірқатар іс-шаралар өтті. Ахмет Байтұрсынұлының бізге қалдырған мұрасы өте терең. Соны біз әр сабақта үйретуіміз керек. Сондықтан, осындай шараларды ұйымдастыру өте маңызды.

Бүгінгі конференция «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында ұйымдастырылды. Ұлттық әдебиетіміздегі үздік туындыларды оқу және насихаттау мен патриоттық тәрбие беруге бағытталған биылғы науқанда Ахмет атамыздың шығармаларын оқу таңдалыпты.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы:
–  Атамыздың шығармалары, ғылыми мұрасы, қанатты сөздері мен қазіргі ғылымдағы Ахметтану бағыттарында жыл бойы шығармалары оқылды. Біздің кітапханада жыл бойы Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын насихаттау мақсатында түрлі шаралар жүргізіліп, бүгін қорытынды шара өтуде.

“Алаштың Ахметі” конференциясында қатысушылар үшін көрнекті ағартушының өмірі мен шығармашылығы туралы кітап көрмесі де ұйымдастырылды.


Самал Жунусова