Қоғам

Шаһар төрінде “Sheksіz өner” атты облыстық конкурс өтті

 

 

 

 

Ән айтады, би билейді, сурет салады. Ең бастысы, тағдырдың жазғанына мойымайды. Тек алға ұмтылып, өмірге позитивті көзқараспен қарайды. Бүгін шаһар төрінде “Sheksіz өner” атты облыстық конкурс өтті. Сайысқа барлығы 100-ден астам жан қатысты.

Ортада өнер көрсетіп жатқан – Тамерлен Айкенов пен Сандуғаш Молдағалиева. Жастар Вена вальсін билеуде. Бұл жұптың құрылғанына 4 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында жерлестеріміз 10-нан астам би үйренген.

САНДУҒАШ МОЛДАҒАЛИЕВА, Қозыбаев университетінің студенті:
– Осы сайысқа 2 апта бойы тыңғылықты дайындалдық. Бүгін билеген биімізді жақында ғана меңгердік. Жалпы, дайындық кезінде бізде түсініспеушіліктер орын алады. Бірақ, уақыт өте бәрі реттеледі. Әрине, сайысқа қатысқаннан кейін 1-ші орын алғымыз келеді.

ТАМЕРЛАН АЙКЕНОВ, Қозыбаев университетінің студенті:
–  Шамалы қорқыныш сезімі болды. Себебі, сахна төріне көптен бері шықпадық. Бірақ, көрерменнің ыстық ықыласы бізге жігер берді. Бұл сайысқа бірінші рет қатысып отырмыз.

Бүгінгі сайыста Медрес Кеңесов те өнер көрсетті. Жерлесіміз мәнерлеп оқу бағытында “Қазақстан” атты өлең оқып берді.

МЕДРЕС КЕҢЕСОВ, байқауға қатысушы, Қызылжар ауданы:
–  №2 Бескөл орта мектебінде оқимын. Бұл сайыс жайлы маған мұғалімдер айтты. Қазақстанды өте қатты жақсы көремін. Мұндай елде туғаныма мақтанамын. Сол себепті, осы өлеңді таңдадым.

Жалпы, бұл сайыс 6 бағыттан тұрады. Айта кетейік, “Sheksіz өner” атты облыстық конкурс Петропавл төрінде осыменен 5-ші жыл қатарынан өткізілуде. Жоба жетекшісі Ақжан Кәрімовтың сөзінше қатысушылар саны жыл санап артып жатқан көрінеді.

АҚЖАН КӘРІМОВ, “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің директоры:
–  Өткен жылы сайысқа 80-ге тарта жерлесіміз қатысты. Биыл жарыста 115 жан өнер көрсетуде. Бір байқағанымыз, конкурстың тұрақты қатысушылары бір ғана номинациямен шектелмей, бірнеше бағытты қолға алуда. Жалпы, жарысқа мүгедектігі бар кез келген жан қатыса алады. Ешқандай шектеу жоқ.

Сайыс Қозыбаев университетінің бас корпусында өтті. Дәлізде сайысқа қатысқан суретшілер мен қолөнершілердің туындылары мен мұндалап тұрды. Жалпы, бұл сайыста ешбір жан назарсыз қалмады. Ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге және барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етті.


Алдияр Айтпаев