Білім

Өңірде қазақ тілін меңгеру деңгейі өсті

 

 

 

ҚАЗТЕСТ» – ҚР-дағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Бұл сынақ дәстүрлі түрде жылына екі рет өтеді. «ҚАЗТЕСТ» жүйесінің талаптары бойынша мемлекеттік қызметкерлердің білімі тілді меңгерудің 5 деңгейі бойынша бағаланады. Соның ортадан жоғары, яғни В2 деңгейінде бүгін солтүстікқазақстандықтар сынақ тапсыруда.

ОРАЛ ЖАНАТОВ, облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары:
–  Ең төмеңгі деңгей А1 деңгейі, ең қарапайымы. Одан кейінгісі – А2. Бұл – базалық деңгей. Кейін орта В1 деңгейі бар. Ол мемлекеттік қызметкерлердің ең бір төменгі деңгейі болып есептеледі. Ал В2 деңгейін көбіне басқарма, бөлім басшылары, мектеп директорлары тапсыруы керек.

Орал Жанатов өңірде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өсті дейді.

ОРАЛ ЖАНАТОВ, облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары:
–  6 жыл ішінде біздің орталықтың ұйымдастыруымен 8 мыңнан астам солтүстікқазақстандық «ҚАЗТЕСТ» тапсырды. Бастапқы жылдары базалық деңгейде тапсырғандар көп болса, соңғы жылдары орта деңгейде тапсырып жатқандардың саны артып келеді. Бұл тілді меңгеру жағы жақсарып келе жатқандығын көрсетеді.

«ҚАЗТЕСТ» тапсыру жүйесі диагностикалық пен сертификаттық болып екіге бөлінеді. Алғашқысы деңгейді анықтау мақсатында өткізіледі. Ал екіншісі сол деңгейді растау үшін тапсырылады. Қазір өңірде сертификаттық тестілеу өтіп жатыр.

ҰЛЖАН САДЫҚОВА, Ұлттық тестілеу орталығы басқармасының бас сарапшысы:
– Тестке қатысып жатқан контингент әр түрлі.Тапсырушылардың арасында НЗМ-нің мұғалімдері, «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамаға кетуге үміткерлер, банк қызметкерлері мен 2-3 мемлекеттік қызметші бар. Оған қоса биылдан бастап докторантураға түсейін деп жатқан үміткерлер үшін «ҚАЗТЕСТ» міндетті.

Бұл осы жылдың жалғыз жаңашылдығы емес. Тағы бір өзгеріс «ҚАЗТЕСТ»-тің құрылымында да бар.

ҰЛЖАН САДЫҚОВА, Ұлттық тестілеу орталығы басқармасының бас сарапшысы:
–  Бұрын тест екі кезеңнен тұратын. Тапсырушылар жазба жұмысын және тест тапсырмаларын орындайтын. Енді 2022 жылдан бастап айтылым бөлігі қосылды. Яғни, 3 кезең болды.

Диагностикалық тестілеу республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді. Сертификаттау үшін тестіленушілер өздері төлейді. Маусым айында өткен сынаққа 100-ге жуық адам қатысыпты. Қазір де 100-ге жуық солтүстікқазақстандық сынақ тапсырмақ. Қорытынды нәтиже екі апта ішінде белгілі болмақ.


Самал Жунусова