Денсаулық сақтау

Оңалту және қалпына келтіру емі бөлімшесінде 25 адам емделуде

 

 

 

Қаладағы оңалту және қалпына келтіру емі бөлімшесі осыдан 2 жыл бұрын ашылды. Орталық облыстық көпбейінді аурухананың ішінде орналасқан. Мұндағы мамандар инсульт алып, жүрегіне ота жасатқан науқастарға ем-дом шараларын көрсетеді. Яғни, қайта аяққа тұрып кетуге жәрдемдеседі.

РАУШАН ХОМЕНКО, облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-реабилитологы:
–  Сонымен қатар, бөлімшеде нейрохирургиялық және коронавирустан кейінгі оңалту емін қабылдап жатқан науқастар бар. Олар бізде емдік дене шынықтыру, электрофорез, магнит, лазер сынды физиоемдеуден өтеді. Бұл емдерді науқастар тегін алады.

Алайда, пациенттер МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» болуы шарт. Емделіп жатқандардың басым көпшілігі зейнеткерлер болғандықтан, бұл ретте ешқандай мәселе туындамайды екен. Сонымен қатар, дертке шалдыққан кез келген облыс тұрғыны келіп оңалтудан еш қысылмай, тегін өте алады. Алғаш түскен пациенттер 14 күн ем қабылдайды. Одан кейін 1 айға үйлеріне жіберіліп, ақхалаттылардың айтуы бойынша қайтадан қосымша курстарға келеді. Жалпы, оңалту шаралары 9 айға созылады.

ЛАРИСА ПУТЯТИНА, облыстық көпбейінді ауруханасы оңалту және қалпына келтіру емі бөлімшесінің меңгерушісі:
–  Талапқа сәйкес мультидисциплинарлық бригадамыз бар. Оның ішіне 2 реабилитолог, кардиолог, невропатолог, нейрохирург пен тар бейінді мамандар мен массажисттар кіреді. Медициналық құрылғылар тиісті стандарттарға сай келеді. Жалпылай айтқанда, науқастарға толық оңалту курсын ұсынамыз.

Бөлімше 30 адамға шақталған, қазір 25 теріскейлік денсаулықтарын қалпына келтіруде. Асаново ауылының тұрғыны Валентина Ященко көктемде инсульт алып, осы жақтан емделіп шыққан. Кеше дәрігерлер қосымша курстан өту үшін қайтадан шақыртыпты.

ВАЛЕНТИНА ЯЩЕНКО, Асаново ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
–  Көктемде ауруханаға ауыр халде жеткізді. Содан бері мамандар бір елі жанымнан қалмай, ерекше күтім жасады. Бұл үшін алғысым шексіз, жақындарына қарағандай жылулық танытқандары көңілімнен шықты. Соның нәтижесінде 2 күн ішінде есімді жидым. Массажист келіп, аяқ-қолымды жандандырды.

Ал Лариса Калмыкованың оқыс жағдайда мойын омыртқасы сынған. Бірден ота жасалыпты. Қазір 56 жастағы нәзікжандының денсаулығы жақсарып қалған, бүгін ауруханадан шығарылады.

ЛАРИСА КАЛМЫКОВА, қала тұрғыны:
–  Қолдарым көтертпей қалған еді. Дегенмен, 2 апталық емнен сол жағым бұрынғы қалпына келді. Енді оң жақ қолым ақырындап көтеріліп келеді. Жалпы, дәрігерлерге ризамын. Мұндай оңалту орталығы бар екенін бұрын-соңды білмеппін.

2020 жылы 702 пациент оңалтудан өтсе, одан кейінгі жылы бұл көрсеткіш 873-ті құраған. Биылғы қаңтар айынан бері 570 адамның денсаулығы қалпына келтірілді.


Алтынай Казиканова