Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ішкі істер министрі солтүстікқазақстандықтармен кездесті

 

 

Бүгін өңірге жұмыс сапарымен Ішкі істер министрі келді. Марат Ахметжанов солтүстікқазақстандықтармен кездесіп, жұртшылық алдында есеп берді.

Еліміздің бас полицейі жиын барысында құқық қорғау саласын реформалаудың барысы туралы тереңірек тоқталып өтті. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүйеге ауқымды өзгерістер енгізілуде. Негізгі мақсат – халықтың құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне деген сенімін арттыру, бюрократиядан арылу.

 Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі
– Бүгінде жұмыс процесін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизациялау шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұзушылық салдарымен күресу емес, олардың алдын алу мәселесі басты назарға алынып отыр. Біздің басты міндетіміз – жаңа Қазақстанның талаптарына сай, ашық және құзыретті қазақстандық полиция құру.

Жиын барысында Марат Ахметжанов халыққа елдегі және облыстағы криминогендік жағдай туралы да есеп берді. Министрдің сөзінше, соңғы 10 айда елде кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, тонау, ұрлық, мал ұрлығы сынды қылмыстар азайды. Соңғы аталған қылмыстар 2019 жылы ауыр қылмыс санатына енгізілген болатын.

 Марат Ахметжанов, Ішкі істер министрі
– Бұрын мал ұрлау орта дәрежелі қылмыс санатына жататын. Соңғы жылдары мал ұрлығы арнайы қылмыс құрамына енгізілді. Соның нәтижесінде мал ұрлығы 3 жылдың 2 есеге азайған.

Егер біздің облысқа тоқталатын болсақ, ағымдағы жылы өңірде 21 мал ұрлау фактісі тіркелді. Барлығы 96 мал басы қолды болған. Бүгінде олардың 36 пайызы табылып, иелеріне қайтарылды. Жалпы, бүгінде өңірде криминогендік жағдай тұрақты дейді, Ішкі істер министрі. Ағымдағы жылы қылмыс саны 6 пайызға төмендеген. Құқық бұзушылықтар саны жалпылай алғанда төмендегенімен, жекелей келгенде өсім бар. Мәселен, облыста соңғы жылдары жол-көлік апаты 71 пайызға көбейген. Салдарынан адам өлімі де жиілеген. Осы мәселелерді алға тартқан министр облыстық полиция департаментіне жолдағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды. Баяндама барысында Марат Ахметжанов қоғам дертіне айналған нашақорлық мәселесіне де тоқталды.

 Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі
–  СҚО-да ағымдағы жылы заңсыз айналымнан 415 келі есірткі тәркіленді. Оның 2 келіден астамы синтетикалық өнімге жатады. Есірткі заттарын жасайтын зертхана жойылды. 94 есірткі сайты бұғатталды. Ел бойынша соңғы 10 айда заңсыз айналымнан 12 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Оның 212 келісі – синтетикалық түрі. Сол себепті, бүгінде министрлікте нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы үш жылға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатыр.

Интернет-алаяқтыққа қатысты статистика да көңіл көншітпейді. Ғаламтор арқылы жұртшылықты алдап-арбау фактілері жыл сайын артуда. Ағымдағы жылы елде 17,5 мың адам интернет-алаяқтардың кесірінен сан соғып қалған.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі
–  “СҚО-да соңғы 10 айда 650-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Жуырда облыс орталығында 13 бірдей адамның атына онлайн несие рәсімдеген алаяқ ұсталды. Келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеден асады. Мұндай мысалдар көп.

Жиын барысында жұртшылық Ішкі істер министріне толғандырған сауалдарын жолдады. Кездесуге келгендердің арасында Жамбыл ауданының тұрғыны Алтынбек Сайлауов та бар. Жас жігіттің мәселесі кез келген жанды елең еткізеді. Оның анасы осы жазда жидек теріп жүріп оққа ұшты. Бүгінгі күні қылмысқа қатысы бар адам қамауға алынған. Ал сол жерде болған учаскелік полиция қызметкері әрекетсіздік танытқаны үшін ғана жазаланбақ. Бірақ, мұнымен жас жігіт келіспейді.

 Алтынбек Сайлауов, Жамбыл ауданының тұрғыны
– Менің анам құрбысына хабарласып, ақ машинада болған адамдар маған оқ атты деп айтып үлгерген. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Оқиғаға қатысты барлық кінәлі адамдар заң бойынша жауап беруі керек. Учаскелік полиция қызметкеріне тек бір бап бойынша ғана кінә тағылуда. Оның бұл оқиғаға қатысы бары айдан анық. Бұны ауылдағылар да жақсы біледі.


Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі
–  Бұл жағдайды біз қатаң бақылауға аламыз.

Өңір тұрғындарының мәселелерін тыңдаған Марат Ахметжанов бірқатар жауапты органға тапсырма берді. Кейін брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Дана Ешкенова