Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аралағашта бройлерлік құс фабрикасы іске қосылды

 


 

 

 

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазан айының басында Қызылжар ауданындағы Новокаменка ауылында су жаңа құс фабрикасы ашылды. Оның жылдық қуаттылығы 1 жарым мың тоннаны құрайды. Ал бүгін Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында кезекті нысанның таспасы қиылып отыр. Бұл кәсіпорынның жылдық қуаттылығы бақандай 5 мың тоннаны құрайды.

Аққайың ауданындағы фабрика әжептәуір төңіректі алып жатыр. Әуеден 1 жыл ішінде атқарылған шаруа алқандағыдай көрінеді. Алдағы уақытта “Солтүстік бройлері” серіктестігі нысан санын одан әрі арттырмақ ниетте. Мысалы, құс өсірілетін ғимараттарды 6-ауға ұлғайтпақ. Сонда өндірілетін өнім көлемі 5-тен 10 мың тоннаға жетеді. Су жаңа кәсіпорынмен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты. Таныстыратын адамның бірі – Геннадий Киселёв. Білікті технолог сонау Беларусьтен келіпті. Енді бар тәжірибесін өңірімізде пайдаланып, фабриканы көпшілікке танытпақ.

ГЕННАДИЙ КИСЕЛЁВ, “Солтүстік бройлері” ЖШС сою цехінің басшысы, Аққайың ауданы:
– Птица у нас поступает в ледяную воду для охлаждения с температурой 42 градуса. На первом этапе сбивает температуру до 12 градусов, а затем в тоннеле догоняем температуру в толще мышц на кости до +4. Продукция уже охлажденная и может реализовываться сразу.

Фабрикадағының барлығы жаңа. Қондырғылар технологиясы озық Германиядан жеткізіліпті. Олар өз істерін сапалы әрі жылдам атқарады. Геннадий Киселёв Құмар Ақсақаловпен бірнеше залда болды. Аппараттар жайлы кеңінен айтылды. Серіктестік директоры да маңызды деректермен бөлісті.

БЕРІК АҚМҰРЗАЕВ, “Солтүстік бройлері” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
–  Если убираешь один аппарат добавляешь 7 человек. Он заменяет 7 человек. В среднем показатели такие.

Дегенмен, адамсыз ешнәрсе істелінбейді. Бүгінгі таңда құс фабрикасында 70-ке тарта маман еңбек етуде. Басым бөлігі – аралағаштықтар. Ал келесі жылы жұмысшы саны 160-тан аспақ. Мұндай штат өздерінен 1 мың есе көп халықты етпен қамтитын болады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Қазақстанда 1 адам жылына 30 келі құс етін тұтынуы қажет. Бұл – медициналық норма. Есептеп қарасақ, бұл фабрика жылына 165 мың адамды қамтиды екен.

Құс фабрикасына 7 млрд теңгеден астам инвестиция құйылғанын айта кетейік. Оның жартысынан көбі – мемлекеттен берілген төмендетілген несие. Үкімет мұндай жобаларды қолдауға қашан да әзір.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бұл несие 8 жылға берілді. Қарыз 3-ші жылдан бастап қайтарылатын болады.

Өндіріс орнында облыс әкімі ауыл тұрғындарымен де жүздесті. 90 жастағы Әбу Әбілмәжінов кездесуге арнайы келіпті. Ақсақал алғыс білдірді, батасын берді.

ӘБУ ӘБІЛМӘЖІНОВ, Аралағаш ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
–  Халық тоқ болсын, уайым жоқ болсын. Аралағаш ауылы көпке таныла берсін. Алғыс айтамын.

Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов ел көлеміндегі дерекпен бөлісті. Ағымдағы жылы Қазақстанда 6 құс фабрикасының құрылысы жүргізіліпті. Соның тең жартысы теріскейде екен. Міне, биылдыққа 2-ші нысан іске қосылып отыр. Соңғысы алдағы жылы тапсырылады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Фабрика қаланың қасында орналаспақ. Ол 10 мың тонна құс етін шығарады. Барлығын қоссақ, 16 мың тонна құс еті болады. Ал біздің қажеттілік 8 мың тоннаны құрайды.

Жақында Аққайың ауданында тағы бір өндіріс ошағы ашылмақ. Тәуілсіздік күніне орай Власовка ауылында 400 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр.


Байболат Култанов