Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құрылыс қарқыны көңіл қуантады

Облыстық әкімдік қабырғасында кезекті онлайн тур ұйымдастырылды. Бұл жолы құрылыс саласындағы инвестициялық жобалар сөз болды. Аса маңызды секторда өсім байқалады. Бұған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тоқталып өткен сандар дәлел.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 2,7 есеге өсті. Жұмысшылардың саны да 39 пайызға өсті.

Бұдан өзге де деректерді ауыз толтырып айтуға болады. Мінберге облыс әкімінің құрылыс, көлік және автомобиль жолдары мәселелері жөніндегі орынбасары Сәтжан Аблалиев шықты. Атқамінер жарты сағатқа жуық баяндама оқыды. Салыстырмалы цифрлар көңіл қуантады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Соңғы 5 жылда бюджеттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 3 еседен астам өсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2017 жылы 9 млрд теңге, ал осы жылы 28 млрд теңге бөлінді. 2017 жылдан бастап құрылыс жұмыстарының көлемі 65 млрд теңгеден 108 млрд теңгеге дейін немесе 66 процентке ұлғайды. Осы кезеңде Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы саласында 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Мұның нәтижесінде 40 мыңнан астам азамат су жаңа баспана алған. Алға қойылған мақсат та айқын. Жергілікті билік 2026 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысында 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Баяндамасында Сәтжан Аблалиев бірқатар жобаға да тоқталды. Олардың бір бөлігі қаламыздың “Қопай” ықшам ауданында жүзеге асады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Қопай” ықшам ауданында құрылыс жұмыстары 44,6 гектар жерде жүргізіледі. Жалпы саны 27 көпқабатты үй тұрғызылмақ. Олар 2800 пәтерді қамтиды. Нәтижесінде 10 мыңға тарта азамат баспаналы болады.

Тың жобалардың жүзеге асырылуы тұрғындардың тұрмыс жағдайына ғана емес, қала көркіне де оң әсер етеді. Мысалы, сол “Қопайда” еңкіш тартқан жер үйлер сүріліп, орнында зәулім әрі дизайны ерекше ғимараттар пайда болса, Қызылжар одан әрі құлпыра түсетіні сөзсіз. Қуантатыны, қаламызда коммерциялық құрылыс та қарқын алып келеді. Қазір шаһарда астаналық, алматылық, көкшетаулық, қарағандылық және жергілікті инвесторлар 34 жеке үй тұрғызуда. Ал осыдан 5 жыл бұрын мұндай 1 ғана баспана салыныпты. Айырмашылық жер мен көктей.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Жақын келешекте Петропавлға түріктік компания келмек. Шетелдік инвестор 18 қабаттан тұратын 9 коммерциялық үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Заманауи нысандарда қажеттінің барлығы болады. Қазір жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәдениет, білім, денсаулық пен спорт та назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта Петропавлда бірнеше нысан есігін айқара ашады. Олар көз сүйсіндірмек.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
–  Петропавл қаласында заманауи спорт сарайы салынады. Құрылыс алаңы белгіленді. Көпбейінді нысан 17 залды қамтымақ. Тың жобаның жүзеге асырылуының арқасында 200-ден астам адам жұмыспен қамтылады.

Футболсүйер қауымға айтар бөлек ақпарымыз бар. Сәтжан Аблалиев алдағы уақытта “Қарасай” стадионы жөнделетінін баян етті. Құрылыс, су тарту және жол салу-жөндеу бойынша аудандарда да ауқымды жұмыс атқарылады. Облыс әкімінің орынбасары жоспармен бөлісті.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
–  Жол жөндеу бойынша айтсақ, 2023 жылы жалпы ұзындығы 350 шақырымнан асатын ауыспалы 25 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Тағы 53 жоба бастау алмақ. Олардың жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуықтайды.

Құрылыс секторын білікті кадрларсыз елестету мүмкін емес. Бұл бағытқа мықтап көңіл бөлу қажет. Құмар Ақсақалов сала өкілдерін назар аударуға шақырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Оқу орындары шығарып жатқан мамандар бізге жеткілікті ме? Құрылыс қарқынын одан әрі арттыру үшін біз неге баса назар аударымыз қажет? Осыны ескеріңіздер. Анализ жасап, шешім қабылдаған маңызды.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Алқалы жиын соңында “Қызылжар жастары” атты бағдарлама жайлы да сөз қозғалды. Бұл жоба жайлы бұған дейін бірнеше мәрте айтылды. Бірақ, соңғы уақытта қаузалмай кеткен еді. Енді 35 жасқа дейінгі солтүстікқазақстандық азаматтардан сүйінші сұрай аламыз. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жауапты сала өкілдеріне қаржы қарастырып, келесі жылдан бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды.


Байболат Култанов