Денсаулық сақтау

Биыл облыстық перинаталдық орталықта салмағы 1,5 келіге жетпейтін 56 сәби туды

 

Облыстық перинаталдық орталық елімізде алғашқылардың бірі болып 1990 жылы ашылды. Содан бері балалардың жансақтау бөлімшесінен шала туған 2 мыңнан астам сәби емделіп шыққан. Оның 290-ы өте төмен салмақпен, яғни 1 келіге жетпей дүниеге келіпті. Мерзімінен бұрын туған шақалақтар өз бетінше дем ала алмайды. Сол себепті, мұндағы дәрігерлер оларды арнайы аппаратқа қосып, ерекше күтім жасайды. Былайша айтқанда, қалайда аман алып қалудың жолын қарастырады.

НАТАЛЬЯ САЛОХИНА, облыстық перинаталдық орталығы неонаталдық қызметінің үйлестірушісі:
–  Статистика бойынша жыл сайын бүкіл әлемде 15 млн сәби шала туады. Олардың тек үштен бірі ғана 3 жасқа дейін жетеді. Өйткені, мұндай нәрестелерді адам қатарына қосу оңай емес. Перзентханадан шыққаннан кейін де біраз уақыт бойы ақхалаттылардың бақылауында болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің орталықта салмағы 500 грамнан 3 шақалақ туған еді. Қазір балақайлар аман, жастары 3-ке келіп қалды.

Дәрігерлер шала туған нәрестелердің аналарының басын қосып, топ ашқан екен. Ол жақта нәзікжандылар өз бөбектерінің қалай өзгергендігі туралы жазып, фотосуреттерімен бөлісетін көрінеді. Өзгерістерге куә болған ақхалатты балаларының болашағы аналарының сеніміне байланысты екенін айтады. Әрі сәби жоспарлаған ерлі-зайыптылар денсаулықтарын тексертіп, зор жауапкершілік таныту қажеттігін еске салды.

НАТАЛЬЯ САЛОХИНА, облыстық перинаталдық орталығы неонаталдық қызметінің үйлестірушісі:
–  Ата-анасының дені сау болса, сәйкесінше дүниеге келген баланың денсаулығы да дұрыс болады. Кей кезде нәзікжандылардың бойындағы ауру жүктілік уақытында асқынып кетуі мүмкін. Өйткені, олардың ағзасы екі адам үшін жұмыс істейді. Өзінің жүктемесін көтеріп, іштегі бала үшін шамасы келмей қалуы ғажап емес.

Жалпы, жыл басынан бері қаладағы орталықта салмағы 1,5 келіге дейінгі 56 сәби дүниеге келген. Олар алдымен жансақтау, кейін патология бөлімшесіне жіберіледі. Бұл жерге шала туғандардан бөлек, өзге диагнозы барлар да жатқызылады екен. Виктория Шенгерейдің 3-ші сәбиі сарғыштық ауруына шалдығыпты.

ВИКТОРИЯ ШЕНГЕРЕЙ, Корнеевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Жүктілігім 41 аптаға созылды. Сәбидің бойы – 55 см, салмағы 4 келідей. Уақыт өткеннен кейін қызымда сарғыштық пайда болғанын байқадым. Қазір ем қабылдаудамыз. Қызметкерлер – білікті мамандар, барлығын ашық түсіндіріп, көмектесуде.

Айта кетейік, 17-қараша – Халықаралық шала туған балалар күні. Соның аясында перинаталдық орталықта ата-аналарға арналып іс-шара ұйымдастырылады.


Алтынай Казиканова