Қоғам

Алимент төлемеген 3 ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Петропавлда алимент бойынша қарызы бар, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Бүгінде өңірде 6 мыңнан астам алимент төлеуші бар. Олардың 3,5 мыңнан астамы берешекті уақытында аударып тұрады екен. Араларында алимент десе ат-тонын ала қашатындар да жоқ емес, баршылық. Соның ішінде 200-ге жуығы проблемалық борышкерлер санатына жатады. Олар түрлі сылтау айтып, соңғы жылдары бауыр еті балаларына 1 тиын да аудармаған. Мұндай адамдардың ортақ берешегі 300 млн теңгеге жуықтап отыр. Асан Маткәрімов, СҚО жеке сот орындаушылар палатасының басшысы

 – Бүгінгі таңда осындай адамдардың тарапына қатысты біз – жеке сот орындаушылары барлық заңда көрсетілген іс-шараларды қолданудамыз. Атап айтқанда, олардың шоттарына, мүліктеріне арест қойылды. Жүргізу куәліктері де алынды. Борышкерлердің арасында әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар да бар. Олардың саны 150-ден асады.

Ағымдағы жылы жауапсыз 3 ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оның 1-уі қомақты көлемде айыппұл арқаласа, екіншісі шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айырылған. Тағы 1 адамның ісі сотта қаралып жатыр. Облыстық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Асан Маткәрімовтың сөзінше олар мұндай жағдайға жеткізбес үшін түрлі іс-шаралар қолдануда. Соның бірі – осындай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Шараның мақсаты – төлемге қабілетсіз тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып беру.

 Асан Маткәрімов, СҚО жеке сот орындаушылар палатасының басшысы
– Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту орталығына 111 алимент өндіріп алу бойынша борышкерлер тіркеуге алынған. Соның арқасында 80-ге жуық борышкер жұмыспен қамтылып отыр. Тағы 8 адам бүгін тіркеуге алынды. Әрине, жәрмеңке өтер алдында біз бұл адамдарға хабарлама береміз. Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, өздеріне лайықты жұмыс таба алады.

Мұндай жәрмеңке облыс орталығында әр тоқсан сайын өткізіледі. Бүгін барлығы – 5 кәсіпорын 100-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

Гүлмира Исмаилова, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы
– Жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындарын электрондық еңбек биржасының сайтында ашық түрде көре алады. Жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс іздеушілерге түйіндеме құруға және қолайлы жұмыс іздеуге көмектеседі. Тіркелгеннен кейін өтініш беруші электрондық еңбек биржасында орналастырылған барлық бос жұмыс орындарының тізімін қарай алады.

Сондай-ақ, бүгінгі жәрмеңкеге алимент төлеуден жалтарып жүргендерден бөлек, көптен бері жұмыс іздеп жүрген өзге тұрғындар да келді. Екі қолға бір күрек табамын деп жолыққандардың қатарында Анастасия Сединкина да бар. 22 жастағы нәзікжанды осы іс-шараның арқасында жұмыспен қамтылмақ.

Анастасия Сединкина, қала тұрғыны 

– Қуанышыма орай жұмыс табылды. Ертең кассир ретінде тәжірибеден өтемін. Ұсынған жалақылары көңілімнен шықты.

Жалпы, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы тұрғындар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін дәстүрлі түрде ай сайын ұйымдастырады.


Дана Ешкенова