Аптадағы маңызды жаңалықтар

Руслан Аңбаев: Лифтілерге сараптама жүргізу қажет

Бүгін қала әкімі Руслан Аңбаев Батыр Баян көшесі, 32 мекенжайының тұрғындарымен кездесті. Жиналған үй иелері көптен бері бір мәмілеге келе алмай жүр. Дау сол баяғы лифтіден басталған. Қолданыс мерзімі 20-жылы аяқталған қондырғыны біреуі ауыстыру керек десе, енді бірі бұған қарсы. Ал төменгі қабатта тұратындар өздері пайдаланбайтын жеделсаты үшін шығынданғылары келмейді.

ГАЛИНА ЛЯЛЬЧЕНКО, «Батыр Баяна, 32» ПИК төрайымы:
– Лифті – үйдің ортақ мүлкі. Сол себепті, оның төлеміне 1-ден 9-шы қабатқа дейінгілердің барлығы бірдей ат салысуы керек. Алайда, 1-ші, 2-ші мен3-ші қабатта тұратын жандар бұдан бас тартты. Енді жоғарыдағылар мен төменгі қабаттағы азаматтар арасында келіспеушілік туындап отыр.

Лифтінің іске қосылғанына наурыз айында 28 жыл болады. Сәйкесінше, ескірген қондырғы тұрғындардың мазасын қашырған, бірнеше мәрте тұрып қалған кездері де болыпты. Қазір лифті мүлдем өшірілді.

ЕВГЕНИЯ ЧВИЛЕВА, қала тұрғыны:
– Қарашаның 6-сы күні түнгі 11 кезінде мамандар келіп 1-ші, 2-ші мен 4-ші подъездің лифтісін сөндірді. Бұл жерде тұратын тұрғындардың көпшілігі жеделсатыны ауыстыруға қарсылық білдірген болатын. Келесі күні 3-ші подъездегі лифтінің де жұмысы тоқтатытылды. Үй иелерінің айтуынша, ондағы қондырғы әбден ескірген. Ауыстырмаса болмайды.

Белгілі болғандай, лифтілер тиісті тексерістің жоқтығынан сөндірілген. Қауіпсіздік ережелеріне сай келмейді екен. Жиналғандар жеделсатыны тым болмаса 1 айға қосуларын сұрады.

ЛЮФТ,
АНДРЕЙ ФЕДОНЮК, «SKOLIFTSERVIS» ЖШС жетекшісі:
– Договор был такой. Мы этот лифт дотянем, отремонтируем своими силами, оплата всего 10 тг с квадратного метра. А лифты серьезно сломаны, у них течь масла.

Мұның бәрін мұқият тыңдаған қала әкімі Руслан Аңбаев жеделсатыға сараптама жасау керектігін айтты. Соның нәтижесі бойынша тұрғындар өзара келісіп, лифтіні жөндеу немесе ауыстыру туралы шешім қабылдаулары тиіс.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Сіздерге сараптама жасайтын компанияны тауып береміз. Мамандарды Петропавлдан немесе еліміздің басқа қалаларынан алдырта аламыз. Сараптама нәтижесі бойынша “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту” бағдарламасына қатысып, лифтіні күрделі жөндеуден өткізіп не басқасына ауыстыруға болады.

Сонымен, егер қарсы тараптың даусы көп болса, онда жеделсатыға қатысты шығын жоғарыдағыларға жүктеледі. Сол себепті, жуық арада тұрғындардың өз арасында тағы бір жиын өтеді.


Алтынай Казиканова