Спорт

Оқушылар арасында шахматтан облыстық турнир өтті

 

Оқушылар белгіленген арнайы орындарына барып жайғасуда. Бірер сәттен соң шахмат ойыны басталады. Әр баладан сәл қобалжып тұрғанын байқауға болады. Бұл, әрине, түсінікті, өйткені, әрқайсысы жеңімпаз атанғысы келеді. Қазына Қайратқызы М.Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылынан келіп отыр. Шахматпен айналысқанына 4 жыл болған екен. Қарсыласы белгілі болды, ол – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы. Бұрымды қыз қадамын нық әрі ойлана келіп басуда.

ҚАЗЫНА ҚАЙРАТҚЫЗЫ, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы
–  Шахмат – өте маңызды ойын, себебі, ол арқылы қалай ойлайтынымды тексере аламын. Шахматтың ережелері өте көп. Мысалы, өтірік ойнауға болмайды. Шах пен матты дұрыс қою керек.

Шахмат әлемдегі кең таралған ойындардың бірі болып келеді. Бұл ойын түрі адамды тез ойлануға, жылдам шешім қабылдауға баулиды. Әмір Серік небәрі 3-ші сыныпта оқиды. Өзі – Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының шәкірті. Айтуынша, әр ойынға 3 минут уақыттан берілген.

ӘМІР СЕРІК, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы
– Мен математикалық есептерді шығарамын, шахмат соған көмектеседі. Шахматтың ережелері көп, бір фигураны ұстасаң, оны жіберіп басқа фигурамен жүруге болмайды. Осы шахматқа қатысқаныма үш жыл болды.

Жалпы, сайысқа 80-нен астам оқушы қатысып жатыр. 20-ға жуығы – ауданнан келгендер. Оқушылардың жас ерекшеліктері 8 бен 14 жас аралығын құрайды. Айта кетейік, бұл дода ұлттық валюта күніне арналып ұйымдастырылып отыр.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО дене шынықтыру және АӘД оқу-әдістемелік орталығының директоры
– Жалпы, бұл турнир біздің ұлттық біздің ұлттық валютамыз – Теңге күніне арналған. Банкирлер клубымен ақылдаса келіп, осы шахмат біздің ұлттық валюта күнімізге сай келеді деп осы турнирді таңдадық.

Жарыс соңында жеңімпаздарға кубок пен ақшалай сыйлық табыс етілмек.


Гульден Симбаева